Автокөлік лизингі бағдарламасы басталды деп жарияланғанымен, лизинг компаниялар науқанға дайын болмай шықты. Автокөлік салондарында өтініш қабылданып жатқан жоқ. Себебі әр компания халыққа беретін лизингтің шарты қандай болатынын шешпеген, әлі қарастырып жатыр.
Автокөлік лизингі бағдарламасы басталды дегенімен, біз барған мына автосалонда өтініш қабылданып жатқан жоқ. Лизингке көлік қарап жүрген кісі қарасы да аз. Біз сұраған тұрғындардың бәрі дерлік «оның не екенін білмейміз» деп жауап берді. Бір тәулік ішінде Қазақстан бойынша бір адам лизингке автокөлік алған. Ол кісі Алматыда тұрады. Көлік құны қалай есептелгенін лизинг компаниясы өкілінен сұрадық.
САЯТ ҮРПЕЖАНОВ — ЛИЗИНГ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Киа Солута машинасын алды, 7 млн 900 мың тұрады. 790 мың теңге бастапқы жарнасын берді де, 15 пайыз үстемемен лизингке алды. Ай сайынғы төлеп отыратын төлемі – 260 мың теңге. 3 жылға берілді. 3 жыл біткеннен кейін біздің компанияның атында тұрған көлікті клиентіміздің атына аударамыз.
Алғашқы автокөлік лизингі 10 пайыз бастапқы жарнамен, 15 пайыз үстемесімен берілген. Бірақ бұл шарт әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі лизинг компанияларда келісімшарттың нақты үлгісі жоқ. Сондықтан әр компания лизинг шарттарын әлі де қарап жатыр. Лизингтің бастапқы жарнасы, берілетін мерзімі, үстіндегі пайызы әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін. Бастысы жылдық шекті мөлшерлемесі Үкімет белгілеген 36%-дан аспауы керек.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Лизингке автокөлік алу үшін ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ. Тек жеке куәлігіңіз болса ғана болғаны. Мамандар сіздің жеке сәйкестендіру нөміріңіз арқылы несие тарихыңызды қарайды, егер бәрі жақсы болса лизингке көлік береді және жауабын бір екі сағаттың ішінде айтамыз дейді.
Бірақ өнеркәсіп комитетінің төрағасы несие тарихы лизингке соншалықты әсер етпейді деп отыр. Лизингтік келісім қарыз ретінде несие деректер базасына енгізілмейді. Оның несиеден айырмашылығы бұл ғана емес.
АЗАМАТ ПАНБАЕВ, ӨНЕРКӘСІП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Кредиттен айырмашылығы – біріншіден, мүлік лизинг алушыға өтпейді. Лизинг берушіде қалады. Яғни автокөліктің меншік иесі лизингтік компания болып қалады. Ол алынған лизинг сомасы толық өтелмегенше меншік иесі лизинг компания болады. Ол кез келген уақытта автокөлікті лизингтік компанияда ауыстыруға мүмкіндігі бар. Екінші артықшылығы – лизинг берілген кезде несиелік тарихы болады ғой, бұл жерде несие тарихының ықпалы аз болады. Яғни лизингтен өткен адамның шарты ертеңгі күні несие тарихында ескерілмейді.
Алғашқы қадамдар сәтті болса, алдағы уақытта автолизингтің шарттары жеңілдеуі мүмкін. Лизингтік компания өкілі Үкіметке зейнетақы қорындағы ақшадан лизинг қарызын немесе бастапқы жарнасын өтеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.