Семейде жасөспірімдер соғыс жылдарынан қалған жәдігерлерді іздейтін робот ойлап тапты

Семейде жасөспірімдер соғыс жылдарынан қалған жәдігерлерді іздейтін робот ойлап тапты. Абай облысында өткен FIRST аймақтық турнирінде «Жас Ұлан» лицейінің оқушылары археологиялық және әскери жәдігерлерді анықтайтын құлтемірді таныстырды.
Қолы пультте, көзі роботта. Семейде өткен аймақтық додада жас өнертапқыштар өз жобаларын барынша дәлдікпен сынақтан өткізді. Солардың бірі – «Жас Ұлан» мамандандырылған ерлер лицейінің оқушысы Захар Захаров. Ол командасымен бірге тарихи жәдігерлерді анықтайтын ерекше робот жасап шығарған.

ЗАХАР ЗАХАРОВ, ОҚУШЫ:
— Біздің жобамыздың мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған тарихи заттарды тауып, жас ұрпақтың өткенге деген қызығушылығын арттыру. Бұл материалдар Қазақстан тарихы пәнін тереңірек меңгеруге көмектеседі. Құрылғы арнайы металдармен жабдықталған, ол магниттік толқындар арқылы соғыс жылдарынан сақталған жәдігерлерді анықтауға мүмкіндік береді.

Робот GPS навигаторымен және Wi-Fi жүйесімен жабдықталған. Құрылғы 1,5 шақырымға дейінгі қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Осындай тың жобалармен сайыстың аймақтық кезеңінде жас өнертапқыштар бақ сынады. Байқауға әр өңірден 260-қа жуық оқушы қатысты. Солардың бірі Жетісу облысынан келген жас инженер Мадияр Қарымсақтың да роботы көпшіліктің назарын аударды.

МАДИЯР ҚАРЫМСАҚ, ҚАТЫСУШЫ /ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ/:
— 12 доп беріледі және екі жары минут ішінде доптарды себепке салу керек. Бастапқы 30 секунд автономка жұмыс істейді. Яғни робот өзі драйверсіз жұмыс істеуі керек. Және қалған екі минутта драйвер қолданып жасау керек. Әр допқа екі балдан беріліп отырады. Кім көп доп салады сол ұпай бойынша саналады.

Шараның басты мақсаты – оқушыларды ғылым, технология және инженерия бағытына баулу. «Яғни STEM саласына қызығушылығын арттыру», — дейді мамандар.

Байқау нәтижесінде «FLL Challenge» санаты бойынша екі команда, «FTC» категориясы бойынша төрт команда келесі кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар енді республикалық және халықаралық деңгейде ел намысын қорғауға дайындалмақ.
———————————————