Алматыда классикалық шахматтан Қазақстан кубогының ақтық кезеңі басталды. Жылдың ең беделді жарыстарының бірі саналатын турнирдің жүлде қоры – 50 миллион теңгеге жуық. Еліміздің ең тәжірибелі гроссмейстерлері мен халықаралық деңгейдегі танымал шахматшылар өзара мықтыны анықтап жатыр.
Зияткерлік сайысқа еліміздің әр өңірінен келген ең мықты ойыншылар қатысып жатыр. Ерлер арасындағы ақтық кезеңде рейтингі 2500-ден жоғары гроссмейстерлер бақ сынаса, әйелдер финалында құрлықтың үздік шахматшы қыздары сынға түспек. Партиялар классикалық жүйемен өтуде. Әр ойынға 90 минут, 40-шы жүрістен кейін тағы 30 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд қосылады. Мұндай формат тартысты ойын құруға мүмкіндік береді.
ДӘРМЕН СӘДУАҚАСОВ, ҚАЗАҚСТАН ШФ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
– Kazakhstan Cup – жыл сайын өтетін дәстүрлі жарыс. Әр қалада үш ашық турнир ұйымдастырылып, оған жүздеген шахматшы қатысты. Олардың арасында ондаған мықты гроссмейстер бар. Бүгін сол кезеңдерден өткен үздіктер ақтық ойынды бастайды. Турнир он күнге созылады, айналма жүйеде өтеді. Мұндай жарыстар кәсіби шахматтың дамуына үлкен серпін береді.
Kazakhstan Open Cup – аймақтың ең үздік шахматшыларын біріктірген дода. Зияткерлік жарыстың алғашқы кезеңдерінде-ақ қатысушылар арасында жоғары бәсеке байқалды. Ойыншыларға барлық жағдай жасалған.
АНТОН ДЕМЧЕНКО, СЛОВЕНИЯ ШАХМАТШЫСЫ, ЕУРОПА ЧЕМПИОНЫ /2021 Ж/:
– Алғашқы әсерім өте жақсы. Алматыда алғаш рет ойнап тұрмын. Бұған дейін Қазақстанда болған шахмат ойындарына екі рет қана қатыстым. Бұл – мен үшін жаңа тәжірибе. Рейтинг бойынша екінші тұрсам да, мұнда барлық қарсылас өте мықты.
Турнирдің жүлде қоры – 49,5 миллион теңге. Ерлер арасында топ жарып шыққан шахматшыға 9 миллион, әйелдер арасындағы ақтық ойынының жеңімпазы 3,5 миллион теңге иеленеді. Финалдық партиялар 12 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал Қазақстан Кубогының жаңа иегерлері жақын күндері белгілі болмақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.