АҚШ доллары арзандап, теңге нығая бастады

Доллар бағамы арзандап, теңге күшейіп келеді. Соңғы бір айда АҚШ валютасы шамамен 4 пайызға дейін төмендеді. Бұған не себеп? Сарапшылар не дейді? Шетел валютасын сатып алу тиімді ме?
Еліміздің қор биржасында ұлттық валюта 3 пайызға нығайып, бір доллар 508 теңгеге дейін арзандады. Астананың ақша айырбастау пунктерінде бір доллар шамамен 512 теңгеге сатылып жатыр. Алайда сарапшылар теңгенің күшеюіне нақты экономикалық негіз жоқ екенін айтады. «Валюта нарығындағы бұл өсім уақытша құбылыс болуы мүмкін», — дейді.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
— Экспорттаушылар, бидай, ұн экспорттайтындар, өсімдік майын экспорттайды, етті экспорттайды. Кеше ғана 1 млн долларға экспорт жасаса, 535 млн теңге алған еді. Бүгін ол 508 млн ғана алады. Ол экспортқа ынталандырмай қояды. Сондықтан ең жақсы валюта бір қалыпты тұрған валюта, 1 доллар 530 болды ма, 530 да тұрса сол жақсы.
Экономикалық сарапшы Сапарбай Жобаевтың пайымынша, теңгенің нығаюына нарықтық факторлар әсер етіп жатқан жоқ.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
— Біз ұлттық қордан әр айда 600 млн, 800 млн долларды биржаға сатып жатырмыз. Бұл экспортпен емес, еңбекпен емес, 2007 жылдары жинап қойған қорымыз еді. Біз бюджеттің тапшылығын жабу үшін қосымша экспорт жасағандай болып тұрамыз. Сөйтіп теңгеге сұраныс артып жатыр.
Дегенмен қазақстандықтардың дені жинағын әлі де теңгемен сақтауды жөн көреді. Соңғы бір жылда ұлттық валютадағы салым 17 триллион теңгеден асып, рекордтық деңгейге жеткен. Теңгемен сақталған депозиттің жалпы үлесі де бұрын-соңды болмаған 82 пайызға дейін артқан.

Мамандар мұны халықтың теңгеге деген сенімі біртіндеп артуымен байланыстырады. Айтуларынша, қолға алынған шаралар нәтижесінде жылдық инфляция төмендеген. Мәселен, қараша айының қорытындысы бойынша көрсеткіш – 12,4 пайыз. Дегенмен баға өсімі әлі де бар. Әсіресе азық-түлік пен қызмет көрсету саласында соңғы уақытта қымбатшылық байқалады.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:
— Инфляциялық тәуекелдер сақталып отыр, олар әлі де жоғары. Бағаның тұрақты түрде төмендеуі үшін уақыт керек. Ұлттық Банк инфляцияны төмендету үшін кешенді бағдарламаларды қолға алды. Қажет болған жағдайда ақша-несие саясатын қатаңдату қарастырылған.

Жалпы, бағаның құбылуы салықтық нормалар, әлемдегі экономикалық жағдай мен геосаяси тәуекелдерге қарай өзгеруі мүмкін. Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды әрі қарай да жіті бақылауда ұстауға ниетті.
———————————————