Бүгін Мәжілісте Ақтауда AZAL әуе компаниясы ұшағының апатына қатысты тергеу соңғы кезеңге шыққаны туралы белгілі болды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу екі бағытта жүргізілген қылмыстық және техникалық жағынан. Қылмыстық істі Бас прокуратура қарап жатыр және олар халықаралық сарапшылармен тұрақты байланыста. Ал техникалық бөлімін Көлік министрлігі өз мойнына алған. Еске сала кетейік, оқиға 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында болды. Баку – Грозный бағыты бойынша ұшып келе жатқан ұшақта экипаждың бес мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тапқан. Авиациялық оқиғаның алдын ала есебі биыл ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі тарапынан жарияланған болатын, ал түпкілікті қорытындысы желтоқсан айының соңына дейін таныстырылады деп жоспарланған.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Көлік министрлігі тергеудің аяқталу сатысында. Қазір лицензия иелерінен немесе технология иелерінен, аэронавигациялық құрал-жабдықтар бойынша түпкілікті қорытындыны күтіп отырмыз. Жалпы, Көлік министрлігі бойынша тергеуді аяқтауға дайынбыз. Биыл немесе келесі жылдың басында болуы мүмкін. Ал Бас прокуратураға қатысты да ілгерілеу бар. Сондықтан келесі жылы ол жағы да аяқталады деп үміттенеміз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.