Түркістан облысында полицияның арнайы машинасы жеңіл көлікті қағып, жарақат алған үш адам ауруханада жатыр. Оқиға Арыс қаласында болған. Бір науқастың жағдайы ауыр. Жәбірленушілердің айтуынша, тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасын тіркеудің орнына, олардан ақша сұрап, көлікті жөндеп беруді талап еткен.
Жол апатынан кейін жеңіл көлік жүргізуші мен екі жолаушысы түрлі жарақат алған. Алайда тәртіп сақшылары оқиғаны тіркеудің орнына, «бізді өз экипаждарына отырғызып, жедел-жәрдем шақыруға да мұрсат бермеді», — дейді жәрбірленушілер.
СӘКЕН CАДЫҚОВ. ЖӘБІРЛЕНШУІ:
— Сол соқтығыстан біз инерциямен талға барып соғылдық, ары қарай есеңгіреп, есімнен танып қалдым. Есімді жисам, полиция қызметкерлерінің көлігінде отырмын. ДТП болғаннан кейін 3-4 сағат сол көліктің ішінде отырдық. Жедел-жәрдем шақырылған жоқ, алғашқы көмек көрсетілмеді.
«Жарақатымызға қарамастан, полицейлер таңға дейін жауап алып, үйге әрең жеттік», — дейді зардап шеккендер. Ол аздай, сақшылар жол апатына жәбірленушілерді кінәлаған көрінеді.
АСЫЛ ҚАДЫРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Бізден 1,5 млн теңге ақша сұрады. «Машинаны жөндеп беріңдер», — деді.
Қазір екі ер адамның жағдайы тәуір болғанымен, біреуінің халі мүшкіл. Үш күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Ал оны полиция қызметкерлері түнде ауруханаға басқа көлікпен апарған.
ЖҰМАХАН КЕНЖЕХАНОВ, ХИРУРГ-ДӘРІГЕР:
— Медбикелердің айтуынша, екі полиция қызметкері жеңіл көлікпен келіп, «ауыр науқас әкелдік» деп қыздарға берген, қыздар алып, реанимацияға кіргізген.
Оқиғадан кейін апатқа ұшыраған жеңіл көлік айып тұрағына жеткізілген. Ал қызметтік көлікті полицейлер әуелі қаладағы механик жігіттің үйіне апарған, кейін жөндетпей қайта алып кетіпті.
БАҚТИЯР АНЫҚБАЕВ, КӨЛІК ЖӨНДЕУШІ:
— Таңертең сағат 10 жарымда эвакуатор көлікті алып келді. Тек телефонмен хабарлама жазып отырды. «Машинаның материалын жазып берші, әкеп тастаймын», деді бір жігіттер. Бірақ ешкім келген жоқ. Сөйтіп, кешкісін көлікті қайтадан алып кетті.
Бұл жағдай бойынша тексеру басталды. Облыстық полиция департаментінің өкілдері осылай мәлімдеді. Олардың дерегінше, жеңіл көлік жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзған.
МҰХТАР СЕЙДІЛДАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Қызметкердің заңды талаптарына бағынбау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері тексеріледі.
Қазір жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.