Биыл ауыл-аймақты аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысқан депутаттарға халық тарапынан қойылған сауал жылдағыдан 3 есе көп болған. Мәжілісмендер өңірлерге сапары барысында азаматтардан түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижелерін пысықтады.
Депутаттар ауыл-аймақты аралау кезінде денсаулық, білім саласы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілдерге көз жеткізген. Мәселен, өңірлерде балаларды оңалту орталығы жетіспейді. Елде 80 орталық болса, ол 4 100 орынға ғана шақталған. Ал жалпы 6,8 миллион баланың 117 мыңы түрлі науқасқа шалдыққан. Азық-түлік қауіпсіздігі де алаңдатады.
ЕРМҰРАТ БАПИ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Өңірлерді аралау кезіндегі депутаттарға айтылатын күрделі мәселелердің бірі – отандық өндіріс пен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі. Бұл Үкімет тарапынан әлі күнге дейін шешілмей келеді.
Депутаттың айтып отырғаны – бюджет есебінен салынып, мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан жартылай ғана жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жайы. Есесіне, нарықты Беларусь пен Ресейдің, басқа да алыс жақын шетелдің өнімдері жайлап алған. Меншік құқығын рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болған елді мекендер де бар. Мәселен, Қостанайдағы 1300 көпқабатты үйдің 300-ге жуығы кондоминимум бойынша рәсімделмеген.
Өндірісі жақсы дамыған өңірлерде, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларға өтемақы төлеуде мәселе болған. «Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінде анықталған әр мәселеге мұқият назар аударға тырысып жатырмыз», — дейді депутаттар.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Биыл сайлаушылар тарапынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қамтитын 1 мыңға жуық өзекті мәселе көтерілген. Оның 31 пайызы тек әлеуметтік салаға байланысты. Халық үніне құлақ түрген депутаттардан енді жұрт осы айтылған мәселелердің шешімін күтеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.