Зейнетақы жинағын офтальмологиялық емдеуге пайдалану тоқтатылды

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану тәртібіне қатысты жаңа шектеу қойылды. Бұдан былай біржолғы зейнетақы төлемдерін офтальмологиялық қызметтерді төлеуге қолдануға болмайды. Мұндай шешім өтінімдердің соңғы уақытта негізсіз көбейіп, күмәнді деректердің анықталуына байланысты енгізілді. Бұдан әрі қаражатты қандай медициналық қызметтерге пайдалануға болады?
Бүгіннен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын көз ауруларын емдеуге пайдалана алмайды. Өтінімдер қабылдау ресми түрде тоқтатылды. Отбасы банктің мәліметінше, стоматология қызметтеріне қойылған шектеуден кейін азаматтар офтальмологиялық ем-домға көптеп өтініш бере бастаған. Сұраныс бірден жеті есе өскен. Тексеріс барысында күмәнді деректер де анықталған.

НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бірнеше азамат бір клиникада келісімшарт жасасқан. Тек мекенжайларын әртүрлі қалада етіп көрсеткен. Біздің қызметкерлер тексеріс жұмыстарын жүргізген кезде ол мекенжайларда клиниканың жоқтығын анықтады. «Отбасы Банкі» желтоқсанның 4-інен бастап офтольмологиялық қызметтерге өтінім қабылдауды тоқтатты. Бұған дейін берілген өтінімдер кезек бойынша қаралады.

Қазіргі уақытта Отбасы банкте офтальмология бағыты бойынша жалпы құны 13 миллиард теңгеден артық 15 мыңға жуық өтінім бар. Оның 5 мыңы тексеріліп жатыр, ал 10 мыңнан астам өтінім бойынша клиенттерден қосымша құжаттар сұратылған.

ГҮЛНӘР ЕДІЛОВА, ДСМ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— Жаңа ережелерге сәйкес, бірқатар бағыт тоқталығанымен, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының артық бөлігін әлі де маңызды әрі қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. Олардың қатарында орфандық ауруларды емдеу, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидті және радиохирургиялық тәсілдер бар.

Мәселен, орфандық ауруларды емдеуге 4 өтінім, реконструктивтік және қалпына келтіру операцияларына – 752 өтінім түскен. Ал радиохирургиялық емге 27 азамат жүгінген. Ал офтальмологиялық қызметтер бойынша ем-дом енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қазір мен Астанадағы медициналық орталықтардың біріндемін. Мамандардың көмегімен өзіме көзілдірік үлгілерін киіп көріп жатырмын. Мұндағы мамандардың айтуынша, жалпы көз аурулары – өзекті мәселелердің бірі. Осы орталықтың өзіне күніне 30-ға жуық адам келеді. Дені – қарт кісілер. Оларға толық диагностика жасалып, көру қабілетіне сай көзілдірік таңдалып беріледі.

———————————————