Телефон тартысының соңы трагедиямен аяқталды. Ақтөбеде анасын пышақтап өлтірген жасөспірімнің әжесі жіті бақылауға алынды. Өйткені немересі қарияға да пышақ сілтеген. Ал жасөспірім қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, қанды оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бір мезетте бірнеше тағдырға балта шапқан қайғылы жағдай түн ортасында болды. Қаладағы жекеменшік мектептердің бірінде білім алатын 16 жастағы оқушысы өз анасын өлтіріп, 72 жастағы әжесін жаралаған. Түн жарымында көмек сұраған дауысты естіген көршілер бірден полицияға шақырған. 41 жастағы әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмған. Ал әжесі шұғыл ауруханаға жеткізілді. Қазір қажет ем-дом алып жатыр. Құлағы нашар естіп, дұрыс сөйлей алмайтын қариямен психологтар жұмыс істеп жатыр
ҚАДЫРБЕК ИМАНБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №1 КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Иығы, білегі, қолы мен жамбас тұсынан көптеген жарақат алған. Қабырғалары сынған. Қазіргі таңда жағдайы орташа ауыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, жан түршігерлік жағдайға телефон түрткі болған. «Сабақ оқы» деп смартфонын тартып алған. Бұл кезде отбасының отағасы үйде болмаған. Жұмыс бабымен вахтада жүрген.
ӘЛІБИ ЛАТЫП, БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл – өте өкінішті жағдай. Жасөспірім небәрі 16 жаста. Толық отбасынан шыққан, әлеуметтік жағдайы жақсы, оқу үлгерімі де жоғары. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан, қосымша ақпарат бере алмаймыз.
Қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қайғылы оқиғаға байланысты білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Жергілікті әкімдік ата-аналарды бұл шараларға түсіністікпен қарап, балалардың психоэмоционалдық жағдайын бақылауды сұрайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.