Сәтбаевтағы балабақшада үш жасар қыз балаға әлімжеттік жасалған

Сәтбаевта тағы да балабақшадан дау шықты. Қызын мемлекеттік балабақшаға берген анасы сәбиі күн сайын үйге шалдығып, күтімсіз келетінін көріп дабыл қаққан. Бейнежазба бұл күдіктің шын екендігін көрсеткен. Онда бүлдіршіннің өз қатарластарынан теперіш көретіні және тәрбиешілердің әрекетсіздігі көрінеді. Бұл жағдай қазір қоғамда қызу талқыға түсуде.
Бәрі үш жасар Ақжібектің бақшадан шаршап, жылап келуінен басталған. Бүлдіршіннің анасы қызының денесіндегі көгерген дақты байқаған. Содан соң дабыл қаққан.

МӘДИНА БҰҚАРБЕКОВА, АНАСЫ:
— Қызымның денесіндегі көгерген дақтарды алғаш жаз айларында байқадым. Бұл жайында ескерттім және жай ғана өзім бақылауға алдым. Жағдай түзелген жоқ. Керісінше оның денесіндегі түрлі көлемдегі дақ тіптен көбейе түсті. Тәрбиешісіне жаздым. Ол топтағы балалар кейде өзара шекісіп қалады деп жауап берді.

Ақжібек болса, балабақшадағы жағдайды толық айтып бере алмайды. Бар болғаны үш жаста. Анасы бақшадағы бейнежазбаны сұратқан. Онда өзгелердің қызға тиісіп, итеріп жіберген сәттері бар. Көрініс өзге де ата-аналардың жағасын ұстатты. Ең сорақысы, сол жердегі тәрбиеші бүлдіршіндерді тыныштандыру үшін еш әрекет жасамаған. Ақжібекті топта бір сағаттай жалғыз қалдырып, серуенге де шығармаған. Ал түстік кезінде оны өзгелерден оқшаулап тастаған.

МӘДИНА БҰҚАРБЕКОВА, АНАСЫ:
— Топтағы тәрбиеші балаларға үнемі қол көтереді. Ата-аналар болып директорға бардық. Камерадағы жазбаны көрсетуді сұрадық. Қызымды өзгелерден бөліп, таңғы тамақтандыру кезінде жалғыз өзін шетке отырғызып қойған. Ал өзге балалар жұптасып отыр. Бұл туралы директор да, әдіскер де, тәрбиешілер де білген. Мен бәрі де әділ болсын деймін. Осы жағдайды біле тұра жасырғандар заң алдында тиісті жауаптарын берсін.

Бүлдіршінге қол көтерген қызметкер жұмыстан шығарылған. Ал тәрбиеші өз міндетінен шеттетілген. Алайда тергеу ісі жалғасып жатыр. Ата-аналарды мазалайтын бір сұрақ. Балабақша басшылығы мұндай жағдайды бұған дейін неге көрмеген?

ГҮЛБАНУ ХАСЕНОВА, БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Барлығын көре тұра еш шара қолданбаған тәрбиешіге қатысты ішкі қызметтік тексеру жүріп жатыр. Қазіргі уақытта оның әрекетінің құқықтық бағасы берілуде. Балабақша директорының бұйрығымен барлық жағдай анықталғанша өз міндетінен шеттетілді. Осыны біле тұра уақытылы айтпаған өзге де қызметкерлерден түсініктемелер алынды. Еңбек заңдылығына сәйкес тиісті тәртіптік шаралар алынатын болады.

Білім бөлімінің мамандары, балабақша психолгтармен бірлесіп ата-аналармен сөйлесіп, теперіш көрген бүлдіршінге психологиялық көмек көрсетпек. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдағы бұл мәселені полицейлер де зерттеп жатыр.

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
— Оқиғаға қатысы бар тараптармен тергеу әрекеттері жүргізіліп, балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәгерлерден оқиға бойынша мәліметтер жинақталуда. Тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріліп, заңда көзделген шаралар қабылданады.

Ата-аналар балабақшаларда бақылауды күшейтіп, бейнекамера санын арттыруды талап етті. Себебі мектепке дейінгі ұйымдарда олардың саны тым аз.

———————————————