Астанада көпқабатты үйдің кірпіші құлаған кезде астында қалған екі әйел биліктен көмек сұрайды. Қас-қағым сәтте еңбекке жарамсыз болып қалған апалы-сіңлі: «Дәрі алатын ақшамыз жоқ», — дейді. Қайғылы оқиға болған үй әлі де қоршаулы тұр.
Әйелдердің әлсіз болғаны соншалық, есік ашатын шамасы жоқ. Біз үйдің кілтін көршісінен алып, есікті өзіміз аштық.
Гүлнәр, сіңлісі Айнұр – екеуі ауруханадан шыққалы дала көрмеген. Күні-түні керуетке таңылып жатады. Кірпіштің астында қалған Гүлнәрдың бұғанасы, үш қабырғасы, екі жерден омыртқасы сынған, қолында жарақаты бар. Сіңлісінің жағдайы одан да мүшкіл. Ауыр жарақаттан кейін құлағы естімей қалған. Кеудесіндегі жарадан тыныс алуы қиын. Басы ауырады.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— Тастар үйіліп жатыр ғой, мен ол қыз дүкенге кіріп кеткен екен деп ойлағам, қарасам, күртесінің шеті ғана көрініп жатыр. Құлағымды тоссам, тастың астынан ыңырсып жатыр. Мен айғайлап жатырмын, менің де жарты денем тастың астында. Дүкеннен екі жігіт шығып, қолымды тартып, суырып шығарып алды.
Бауырларына көмекке келіп, өзінің де үстіне кірпіш құлаған інісі ауруханада он күн жатып, үйінде емделіп, кеше жұмысқа шыққан. Ал Гүлнәр мен Айнұрдың денсаулығы қашан қалпына келері белгісіз. Екеуіне күтім жасайтын адам жоқ. Кейде көршілері, кейде келіні тамақ әкеліп беріп кетеді. Үш күнде бір рет ауруханадан медбике келіп, жарақатты таңып береді. Ем-дом қымбат. Таныс-туыстары, көршілері, халық жинап берген ақшаға жарты айға жететін дәрі-дәрмек алған. Үй жалдап тұрып жатқан әйелдердің енді пәтер ақысын төлейтін шамасы жоқ. «Қиын жағдайға қалдық, биліктен көмек болса…», — дейді.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— Не әкімдіктен келген жоқ, не хабарласқан жоқ, ешкімге керек емес болып қалдық. Енді біз біреудің қателігі үшін денсаулығымыздан айырылып отырмыз ғой. Бір отбасынан үш адам жарақаттандық.
Құрылыстағы салғырттықтың кесірінен еңбекке жарамыз болып қалған әйел аяғына тұрғаннан кейін сотқа жүгінбек. Қайғылы оқиғаға кім кінәлі екені әлі анықталған жоқ. Құрылыс компаниясы «Сапасыз құрылыс» және «Қауіпсіздік талаптарына сай қызмет көрсетпеу» баптары бойынша тергеліп жатыр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қайғылы оқиғаның болғанына шамамен бір ай өтсе де, қоршаулар үйдің айналасында әлі де тұр. Демек, кірпіштен қауіп әлі сейілмеді деген сөз және кірпіштерді түсіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Қалалық әкімдік өкілдері зардап шеккендерге ешқандай көмек болмайтынын бірден айтты. «Тек кірпіші құлап жатқан үйдің қасбетін қалпына келтіріп береміз», — деді.
ЕРКЕШ ҚАРШЫГИНОВ, «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Алматы ауданы әкімдігі тұрғын үйдің қасбетін қалпына келтіру және нығайту жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта кірпіш қабырға сүріліп жатыр. Сондай-ақ техникалық қабат жақтан конструкцияны күшейту шаралары қолға алынған. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр және аппарат басшылығының ерекше бақылауында.
Сондай-ақ осы аудандағы барлық үйді тексеру үшін комиссия құрылған. Төтенше оқиға болғалы бері күн сайын рейд өткізіп жатырмыз деді әкімдік қызметкері. Ал, осы уақытта Астанада тағы бір үйдің кірпіші құлай бастады. Тұрғындар өткендегі оқиға қайталана ма деп қорқып отыр. Үйдің кірпіш қаптамасы он жылдан бері сөгіліп тұр. Оған қарайтын ешкім жоқ.
Түсірілген кірпіштер шашылып жерде жатыр. Тұрғындар әкімдік енді не істейді деп күтіп отыр.
РЕЗИДА ГАБДУЛХАКОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ ДИСПЕТЧЕРІ:
— Бұл тек кірпішті алып тастаумен бітетін шаруа емес. Оны бекіту қажет. Өйткені олар бөліктерін алып тастағанымен, үстіндегі кірпіш әлі ауада ілініп тұр. Сондықтан бәрін нығайту керек. Осыны қазір талқылап жатыр. Аула жағында да дәл осындай жағдай.
Бұдан түйгеніміз, көпқабатты үйлерге қатысты қандай мәселе болмасын, оны шешу – тек тұрғындар мен мүлік иелері бірлестігінің шаруасы. Ал зардап шеккендерге өтемақыны кім төлейтіні тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.