Петропавлда жеке ғимаратқа интернет тартпақ болған «Қазақтелеком» компаниясының қызметкері биіктен құлап, қаза тапты. Қайғылы оқиға бүгін таңғы сағат 10-жарым кезінде қала шетіндегі өндірістік аймақтардың бірінде болған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек монтаж жұмыстары барысында екі адам көтергіш платформадан құлап кеткен. Салдарынан 35 жастағы ер адам алған жарақатынан сол жерде тілге келмей көз жұмған. Ал екінші азаматқа бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Екінші ер адам 31 жаста. Қолы сырылған, кеуде тұсынан соққы алған. Бірақ жағдайы ауыр емес. Оған сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін тұрақты мекенжайы бойынша амбулаторлы түрде ем алуға ұсыныс жасалды.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Екі адамды манипулятормен жоғарыға көтерген. Артынша олар құлап кеткен. Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.