Талдықорғанда Айзат Жұманованы өлтіру ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Қаза болған келіншектің өліміне 33 жастағы күйеуі Жанболат Айбар айыпталып отыр. Бүгін сотта куәгерлер мен бірге марқұмның анасы да сұралды. Процесс бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ашық түрде өтіп жатыр.
Бұл қайғылы оқиға маусым айында Баласаз ауылында болған. Әлеуметтік желілерде жас ер адамның қызғаныш үстінде әйелін аса қатігездікпен өлтіргені туралы ақпарат тараған еді. Алғашында тергеушілер 32 жастағы Айзатты «абайсызда өлтірді» деп шешкен. Алайда марқұмның туыстары бұл қорытындымен келіспеді. Өйткені Айзат соншалықты қатты соққыға жығылған, марқұмның денесін көрген туыстары оны атқа байлап, жермен сүйрегендей азаптап өлтірген деп ойлаған. Шындыққа жету үшін мәйітке эксгумация жасатқан. Содан кейін ғана «Кісі өлтіру»бабына ауыстырылған.
АРМАН ШӘРІПОВ, АДВОКАТ:
— Адам өлтіру бабына ауыстырдық. Әрине, оңайшылыққа түспеді. Өйткені эксгумация, яғни жерленген адамды қайтадан қазып алу жақын туыстарына оңай шаруа емес.
Адвокат Айзаттың ауруханаға жеткізілген кездегі дене жарақаттарына қарап, оның таза киімдерінің сәйкессіз екендігін айтады. «Тіпті қанды оқиға болған жерді де жуып-тазалап, із жасырмақ болған», — дейді. Сотта айыпталушы Айбар Жанболаттың әкесі Қайрат Тоғызбаев та сұралды. Ол оқиға болған күні ес-түзсіз жатқан келінін өз көзімен көрген.
ҚАЙРАТ ТОҒЫЗБАЕВ, КҮДІКТІНІҢ ӘКЕСІ:
— «Абайсызда құлатып алдым. Талдықорғанға апару керек», — деді. Сонымен көлігімді бердім, көліктің арт жағына Айзатты отырғыздық.
Айзатты ауруханаға Айбардың анасы Алма мен көршісі Нұрсұлтан Нұғайбеков алып кеткен.
Нұрсұлтан сотта айыпталушының үйінен шамамен 100 метр қашықтықта тұратынын, Айбар келіп: «Айзат ауырып қалды, есінен танып құлады, өзіне келмей жатыр», — деген соң көмектескенін айтты. Ал марқұмның анасы Салтанат Жұмановаға сотта жауап беру оңай болмады.
САЛТАНАТ ЖҰМАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
— Бет-аузының көкпеңбек екенін көрдім. Аяқ-қолының сырылғанын көрдім. Аяғының бес бармағы, қолы екі білегіне дейін сырылған. Үстіне ақжайма жауып қойыпты. Бетін көріп, қызым екенін таныдым. Оған өмір керек, менің қызыма да өмір керек болған. Мен де өмір бойына сотталуын талап етемін.
Егер де келіншегі Айзат Жұманованы айуандықпен қасақана өлтіргені дәлелденсе, Айбар Жанболат 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.