Түркістан облысында студенттер арасындағы әлімжеттік әлі де тыйылмай тұр. Арыс қаласындағы №17 колледждің 1-курс студенттері жоғары курс жігіттерінің қысым көрсететініне шағымданды. 2-курс жігіттері 1-курс оқушыларынан ақша талап еткен, бермесе таяқтаған. Балалар алдымен оқытушысына айтқан, елемеген соң, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгінген. Бірақ тәртіп сақшысы мәселені шешудің орнына, шағымданғандардың өзіне шүйліккен. Бірнеше ай бойы қысымға шыдамаған балалар 2-курс студенттерін жабылып ұрып, кеткен еселерін қайтарған. Алайда таяқ жегендер денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірді деп іс қозғауды талап етті. Сонда кім кінәлі?
САНЖАР ЕСІМБЕК, 1-КУРС СТУДЕНТІ:
— Біз колледжге келгеннен бастап ұрады, ақша сұрайды, стипендия түскен сайын ұрады. 2000-3000 теңгеден шығарыңдар деп талап етеді. Ал біз оларға ақшаны тауып бермесек, бүкілімізді бірге жинап алып ұрады.
БАУЫРЖАН ЗИЯТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қылмыстық іс аясында жәбірленуші мен оқиғаның басқа да қатысушыларының барлық уәжі тексеріледі. Сондай-ақ тиісті міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.