Абай облысында қасқыр қаптап, елдің берекесін қашырды. Әсіресе түз тағысының Абай ауданындағы шаруа қожалықтарына келтіріп отырған зияны жыл өткен сайын ұлғайып барады. Қасқырға жем болған төрт түліктің жалпы шығыны бүгінде 162 миллион теңгеден асып отыр. Малынан айырылған қожалық иелерінің жанайқайы жылдан-жылға көбейген. Тіпті жыртқыштар өрісті былай қойып, күндізгі уақытта адамнан тайсалмай, ауыл маңын торуылдап жүргені бейнекамераға да түсіп қалған.
Абай ауданы аумағында орналасқан 583-ке жуық шаруа қожалығы Шыңғыстау бөктерін жайлап отыр. Тау-тасы көп, жолы қиын аймақта арнайы техникамен аңшылық ұйымдастыру да оңай емес. Жергілікті жұрттың айтуынша, соңғы екі жылдан бері түз тағысы бір сәтке де малға тыныштық бермеген. Биылғы жаздың өзінде әрбір шаруашылық кем дегенде 5-6 бастан айырылған. Ал жалпы шығынның көлемі шаш етектен.
АЙҚЫН АҚБОЛАТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:
— Бөріден зардап шеккендердің біреуі – мен жетекшілік ететін шаруа қожалық. Қойшының алдынан табын қойды алып кетіп, екі жүз басқа шығынға ұшыратты. Бұл – ірі қараларымды, жылқыларымды айтпаған кездегі дүние. Біз өзіміз тұратын ауылда қожалық иелері кәдімгідей зардап шегуде.
ТАЛҒАТ ЕРДЕНБЕКОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:
— Түз тағысы көбейіп кетті. Қожалықтың жанына келіп, сол жерден жеп кетеді. Мен шаруа қожалығының жетекшісімін.
Ал көбейіп кеткен жыртқыштардың санын жедел азайту әзірге мүмкін болмай тұр. 2023 жылдан бері арнайы аңшылар тартылып, оларға қару-жарақ, оқ-дәрі де берілген еді. Алайда екі жылдық күрестің нәтижесі мардымсыз. Биыл қожалық иелері мен кәсіпкерлер өз қаражаттарына қасқыр аулауға байқау жариялап, тіпті жүлде қорын да тігіп отыр.
Абайлықтардың мәліметінше, соңғы 11 айдың ішінде 247 бас ірі қара, 393 бас жылқы, 711 бас қой қасқырға жем болған. Шаруалардың жанайқайына айналған жыртқышты аулауға арналған байқау 30 қараша мен 16 желтоқсан аралығында өтеді. Бүгіннің өзінде 11 қасқыр ұсталған. Алайда тұрғындар: «Бұл аз», — дейді, өйткені түз тағысының қарасы әлі де қалың, қауіп толық сейілген жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.