Көпқабатты үйлердің мүшкіл жағдайына Тараз тұрғындары шағымданды. Құбыры толығымен тозған, ал шатыры шұрық тесік. Сондықтан тұрғындар жауын-шашыннан қорқады. Ескі үйлер қытымыр қысқа шыдас бере ме екен деп алаңдаулы жұрт жыл сайын әкімдіктен үйлерді жөндеп беруді сұрайды. Бірақ нәтиже жоқ.
Қойгелді көшесіндегі көпқабатты үйлер 60 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Коммуникация түгел ескірген. Тұрғындар жөндеу керек деп бес жылдан бері зар қағып жүр. Әкімдіктің табалдырығын тоздырғанымен, оларды тыңдайтын құлақ жоқ.
ТАЛҒАТ ЖҰМАТАЕВ, ТАРАЗ ТҰРҒЫНЫ:
— Бәрі көз алдымызда қирап бара жатыр. Ешкімнің шаруасы жоқ. Әкімдік жарық мәселесін шешті дейді. «Энергосбыт» жұмысшысы келеді де, жарықты қиып кетеді. Тағы бір мәселе – кәріз құбыры. Мына шойын құбырлардың тұрғанына 40 жыл болды, ойлаңыздаршы.
Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты екі үйді күрделі жөндеу мамыр айында басталады деген уәде болған. Бірақ іс үйлерді тексеріп, фотоға түсіруден ары аспаған. Жылыту жүйесі әбден тозған, құбырлары жиі жарылады. Жертөле апатты жағдайда. Тұрғындар қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз дейді.
«Үнемі ылғал болған соң үйдің қабырғасы үгітіліп, іргетасы сөгіліп жатыр», — дейді тұрғындар. Бірдеңесі бұзылған сайын ақша жинау керек. Оны жұрттың қалтасы көтермейді. Әкімдік бұл үйдің жағдайынан хабардар, «бірақ көмектесе алмаймыз», — дейді.
СҰЛТАНМАХМҰТ ӨТЕШОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ М.А.:
— Биыл наурыз айында Тараздағы 73 үйді күрделі жөндеуден өткізуге 7,8 млрд теңгеге республикалық бюджетке өтінім бердік. Оның ішінде осы үйлер де бар. Әр үйге шамамен 50 млн теңгеден жобалық-сметалық құжат дайындалды. Бірақ биыл Жамбыл облысына ғана емес, республика бойынша қаражат бөлінген жоқ.
Демек, Тараздағы тозығы жеткен көпқабатты үйлер биыл да жөнделмейді. Ал тұрғындардың сабыр сақтап, қаржы келесі жылы бөлінеді деп үміттенуден басқа амалы жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.