Оралдағы Зашаған кентінде 80 мың тұрғынға жалғыз емхана қызмет көрсетеді

Оралдағы Зашаған кентінде 80 мыңдай тұрғын бар. Қазіргі таңда оларға жалғыз емхана қызмет көрсетеді. Ол да 250 адамды қабылдауға қабілетті. Бұл мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді.
Емхананың дәлізі ем алушыға толы. Ығы-жығы халықтың бар мақсаты – дәрігердің қабылдауына жету. Өйтпеске басқа амал да жоқ. 80 мыңдай тұрғыны бар кенттегі жалғыз емхана осы. Басы ауырып, балтыры сыздағандар дерттеріне шипа іздейді. Шипа алу үшін сағаттап тосуға тура келеді.

Емханада жалпы тәжірибелік 50 дәрігерлік участок бар. Солардың тек 24-інде ғана арнайы маман жұмыс істейді. Маман жетіспеуінен дәрігерлер екі учаскеден алуға мәжбүр. Соған қарамастан халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Бұл емхана тек 250 адамды қабылдауға қабілетті. Орын тапшылығынан қосымша екі ғимаратты жалға алып отыр.

ЖҰМАБЕК ШАЙХИЕВ, ЕМХАНА ДИРЕКТОРЫ:
— Біз екі филиалды жалдап отырмыз. Жәңгір хан көшесінде «Апельсин» деген филиалымыз бар, 15 мың халықты сол жақта қаратып жатырмыз. «Медколледж» аялдамасында екінші филиалды жалға алып отырмыз. Онда 17 мыңдай халық қаралады. Осылай халықты бөліп, жағдайдан шығып жатырған жағдайымыз бар.

Жыл бойы қордаланған мәселені облыстық денсаулық басқармасы да біледі. Болашақта салынатын жаңа емхананың сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткен. Жер телімі бөлінген. Қажет қаражат та есептеліп қойған.

АСЫЛБЕК КАНАЛИЕВ, БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мемлекеттік сараптамадан шыққан, құрылыс құны, қателеспесем, 4 миллиард 700 миллион теңге шамасында. Бұдан жеке инвестор да іздеп жатырмыз. Егер әріптес тауып жатсақ, ертерек бастап кетуге де мүмкіндік бар.

Зашағандағы халықтың саны 80 мыңға жетіп жығылады. Қазір кентте жаңадан Ақжайық ықшам ауданы тұрғызылып жатыр. Сол кезде тағы да 50 мыңдай тұрғын қоныстанады. Медициналық мекеменің қадасы осы аумақта қағылмақ.

АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Жаңадан бой көтеріп жатырған Ақжайық ықшам ауданы осы. Болашақта осы жерде науқас жатып емделетін аурухана да, келіп-кетіп қаралатын емхана да салынады деген жоспар бар. Бірақ бұл 2027 жылдың еншісіне қалып отыр. Әрине, оған қаражат керек және халықтың төзімі керек.

———————————————