Қарағандыда 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы балаға әдейі от қойғаны үшін сотталды. Соның салдарынан жәбірленуші ауыр күйік жарақатын алған. Оқиға өткен жылдың қыркүйегінде Шашубай ауылында болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, бірнеше оқушы үй ауласында бензин құйылған канистраны иіскеп тұрған. Сол сәтте оның ұлы Нұрсұлтан құтыны қағып кетіп, жанармай оның шалбарына шашырап кеткен. 16 жастағы жеткіншек бұған ашуланып, төгілген бензиннің ақшасын талап еткен. Киімі бүлінген бала «ақша жоқ» деген. Ашу үстінде жасөспірім сіріңке жағып, Нұрсұлтанға лақтырған. Шалбар лезде жанып, бала күйіп қалған. Ұлы үйге ауыр халде келіп, жағдайын көргеннен кейін анасы жедел жәрдем шақырып, полицияға арыз жазған.
СОВЕТХАН СМАҒҰЛОВ, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ:
— Жасөспірім денсаулыққа орта деңгейде зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сот барысында оқиғаның болғаны дәлелденді. Сотталушы 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талабы қанағаттандырылып, моральдық залалды өтеу үшін 2 млн 500 мың теңге өндірілді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.