«Жол нашар, көше жарығы мен интернет жоқ»: Ташкентка тұрғындарының жанайқайы

«Жол нашар, көше жарығы мен интернет жоқ». Солтүстік Қазақстан облысында Ташкентка ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Петропавлға тиіп тұрған елді мекен халқы өркениет игілігінен тыс қалдық деп налиды. Мұнда мектеп, балабақша атымен жоқ. Жалғыз әлеуметтік нысан – фельдшерлік пункт. Оның өзі құлаудың аз-ақ алдында тұр.
Бұл – фельдшерлік пункт. Есігіндегі құлып өте сирек ашылады. Көрші ауылдан медицина қызметкері келгенде және отын жағар кезде ғана. Жарты ғасырдан асқан ғимараттың тоз-тозы шыққан. Ғимарат деуге де келмейді, күрке сияқты бөлмеге басы ауырып, балтыры сыздаған халық кіруге қорқады.

ТАТЬЯНА БОРОДИНА, ТАШКЕНТКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қабырғалары жарылып жатыр. Іші салқын. Төбесінен су сорғалайды. Нысан 2016 жылы 1 миллион теңгеге сатып алынған. Содан бері қырлап-сырлаудың арқасында тұр. Аудандық, облыстық әкімдіктегілерге барып мәселені айттық. Бірақ шешілетін түрі жоқ.

Ташкентка 80-ге тарта түтіні бар Петропавлдан небәрі 20 шақырымдай жердегі ауыл. 200-ден астам халық тұрады. Мектеп, балабақша атымен жоқ. Сабыры сарқылған жұрт шаhар іргесінде орналассақ та, өркениет игілігінен шет қалдық деп налиды. Ұялы байланыс жоқ, қоғамдық көлік мүмдем жүрмейді.

АННА МАЗУРОВА, ТАШКЕНТКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көшелерде жарық жоқ. Тек ауылға кіре берісте бір екеуі сығырайып тұр. Тас қараңғыда телефонның жарығымен жүреміз.

НАДЕЖДА ПОЛУЯНОВА, ТАШКЕНТКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бес ауылға бір газель. Ол 17 адамға шақталған. Ана жақтан толып келеді де, бізге тоқтамай, өте шығады. Ал ұялы байланыс, интернет бірде бар, бірде жоқ.

Қала іргесінде жайлы күн көреміз деген ағайын қиындықтан бас көтермей келеді. Жергілікті атқамінерлер болса мәселелердің қордаланып қалғанын мойындап отыр. Айтуларынша, түйіткілдің түйінін тарқатуға қаржы қолбайлау.

ВЛАДИМИР РУДЕР, БЕРЕЗОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Қазір Большая Малышка елді мекенінде жарықшам ауыстырылып жатыр. Жобалық-сметалық құжа дайын болғанша ескілерін осы ауылға орнатамыз. Ал коғамдық көлік бойынша айтатын болсақ, келер жылы «Петропавл – Долматова» бағытындағы жол жөнделеді деген жоспар бар. Сол кезде жаңа үлкен автобус қатынайды.

Ал фельдшерлік пункт денсаулық сақтау басқармасының балансында. 1969 жылғы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленбек. Бірақ оған қаржы нақты бөліне ме, жоқ па оны ешкім дөп басып айта алмады. Ал жаңасын салу жоспарда жоқ.
———————————————