Биыл елімізде 19 мыңға жуық азамат екпеден бас тартқан. Мұндай үрдіс тек Қазақстанда ғана емес, бірқатар мемлекетте байқалып отыр. Бұған не себеп болуы мүмкін? Вакцинаның тиімділігі қандай?
Елімізде жұқпалы індетке шалдығу жиіледі. «Аурудың алдын алудың бірден бір жолы – вакцина», — дейді дәрігерлер. Бірақ одан бас тартқандар жылдан-жылға тек артып келеді. Айталық, осыдан 8 жыл бұрын медициналық мекемеде шамамен 5 мың адам дәрілік препаратқа қарсылық танытса, былтыр бұл көрсеткіш бірден 20 мыңға жоғарлаған. Ал соңғы 9 айда 19 мың адам екпеден бас тартты.
Жоспарлы вакцинадан бас тарту жағдайлары көбіне Астана, Алматы қаласында, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облысына тиесілі. Бұған бірнеше себеп бар. Ол дәрілік препараттың сапасына күмәндану, діни наным-сенім мен идеологиялық көзқарас. Бірақ дәрігерлер екпеден бас тарту негізсіз санайды.
ХАЛИДА ШӘРІПОВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Австралияда жатыр мойнының қатерлі ісігі жоқ. Өйткені олар вакцинациядан өтеді. Сондықтан қыздарда жатыр мойнының қатерлі ісігі жоқ. Қазақстанда да осындай деңгейге жетеміз деп ойлаймын. Халыққа дұрыс ақпарат беруіміз керек.
Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау 11-13 жас аралығындағы қыз балаға жасалады. Бүгінде 318 мың жасөспірімге екпе салынған. Алайда 7 мыңдай ата-ана вакцина егуге түбегейлі қарсы. Мамандар бұл вирус әйел үшін ең қауіпті екенін ескертеді. Елімізде жыл сайын шамамен 2 мыңдай әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады. 400-і қатерлі дерттен көз жұмған.
Денсаулық сақтау мекемелерінде тұрғындарға екпенің тиімділігі туралы барынша ақпарат беріліп жатыр. Нәтижесі бар. Елімізде инфекция жұқтырып сырқаттану төмендеген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.