Алматы облысында қазақы тазылардың аңшылық қабілеті сыналды. Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен әкелінген 15 тазы қатысты. Бұл жолы жеті қазынаның біріне баланған құмай тазыларды негізінен құм қоянға салды.
Соңғы кездері елімізде қазақы тазыға арналған аңшылық сынағы жиі ұйымдастырыла бастады. Өйткені Мемлекет басшысының өзі тазы ұстап, үлкен қолдау көрсетті. Астана маңында ит ор қоянға салынса, Шелекте ұйымдастырылған сайыста тазылар құм қоянды қуды. Ор қоян жоғары жылдамдықпен түзу бағытта қашса, құм қоян жүгіріс бағытын жиі өзгертіп, иттен жедел әрекет етуді талап етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қазақы ит тұқымын асылдандырып, көбейтуге және олардың халықаралық деңгейде танылуына зор ықпал етеді. Дала жағдайындағы осындай сынақ арқылы тазының аңшылық сипаты лайықты бағаланады.
Қазақы тазының аңшылық қабілетін анықтауға тәжірибелі маманнан құралған комиссиясы жұмылдырылды. Онда негізінен иттің жылдамдығы, іздеу, иіс алу сезімі, төзімділігі, қашқан аңды қуу шеберлігі бағаланды.
Қазақы тазылардың аңшылық қабілетін сынауға арналған сайыс қорытындысы бойынша «NOMAD» ұлттық аңшылық клубының Әрекет және Адырна атты қос тазысы бірінші, екінші орынға ие болды. Үшінші орын есімі елге кеңінен танымал құсбегінің бірі Ернар Мүптекеевтің Қабыланына бұйырды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.