Төрт баланың өмірін қиған Бестеректегі жол апатына қатысты сот процесі басталды

Абай облысында төрт баланың өмірін қиған алапат жол апатына қатысты сот процесі басталды. Қайғылы жағдай осы жылдың тамыз айында Бестерек ауылында болған. «Тойота» көлігін басқарған 55 жастағы жүргізуші қоршау маңында ойнап жүрген алты бірдей баланы қағып кеткен. Қыршын кеткен сәбилердің ата-аналары бүгін әділ үкім күтуде. Олар тек жүргізуші ғана емес, оған көлік басқаруға рұқсат берген жауапты тұлғалар да заң алдында жауапқа тартылуы тиіс деп отыр.
Қайғылы оқиға 19 тамыз күні Бестерек ауылында орын алған. «Тойота» маркалы көлікті тізгіндеген 55 жастағы азамат аулада ойнап жүрген алты баланы бірдей қағып өткен. Салдарынан екі бүлдіршін оқиға орнында тілге келместен көз жұмды. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде жан тапсырса, 9 жастағы қыз Семей қаласындағы ауруханада көз жұмған. Марқұмдар – екі бірдей отбасының балалары. Олар ауылға қыдырып келген екен. Енді қара жамылған ата-аналар әділ жаза талап етіп отыр.

ТАҢШОЛПАН КАРИМОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Іштей кешірсек те, қағаз жүзінде кешіру мүмкін емес. Үш баладан айырылып отырмыз. Қатаң жазалауын, соттың әділ өтуін сұраймыз.

Жәбірленуші тарап бұл қасіретке әлі күнге дейін сене алар емес. Әсіресе үш қызынан бір мезетте айырылған ана дел-сал күйде. Ал бауыр еті баласынан айырылған әке талмасы бар адамға жүргізуші куәлігі қалай берілгеніне аң-таң.

ЕРНҰР БҰЛАНБАЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— 2013 жылы эпилепция дертімен ауырғаны белгілі болса да, 2020 жылы жүргізуші куәлігін алғанда медициналық мекемелер: «Денсаулығында ешқандай ақау жоқ», — деп анықтама берген. Соған байланысты бұл кісі көлік жүргізуді әрі қарай жалғастырған. Нәтижесінде, мінекей, төрт баланың өмірін қиды.

Күдікті бұған дейін шамамен 20 жылға жуық автобус жүргізушісі болып жұмыс істегені белгілі болды. Ал жақындарының айтуынша, талмасы бар азаматқа ешбір мекеме көлік басқаруға шектеу қоймаған. Алайда прокурордың мәлімдеуінше, бұл іс бойынша күдікті 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ӘДІЛЖАН ШАРАПИЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ
— Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қаралуда. Аталған баптың санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Қазіргі уақытта жәбірленушілер материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арыз берген. Бұл талап та сот үкімі шыққан кезде шешіледі. Қазіргі уақытта сотталушы өзіне тағылған айыпты толық көлемде мойындайды. Істеген ісіне өкініш білдіруде.

Жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан үш қыз бен бір ұлдың жасы 2 мен 9 жас аралығында. Ал ауыр жарақат алған екі баланың бүгінгі таңда жағдайы біршама жақсарған. Дегенмен олардың бірі әлі де сауықтыру орталықтарында ем қабылдауда. Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арыз берді. Бұл мәселе де сот үкімімен бірге шешілмек. Ал ата-аналар заңның барынша қатаң талабына сай жаза тағайындалуын талап етіп отыр.
———————————————