Денесі Елек өзенінен табылған жасөспірімнің анасы суицид болды дегенге сенбейді

Ақтөбеде Елек өзенінен табылған жасөспірім мен ересек адамның өліміне қатысты тың дерек шықты. Бүгін суға кеткен марқұмдардың ата-аналары мәлімдеме жасады. 16 жастағы баланың анасы суицид болды дегенді болжамды жоққа шығарып, адам өліміне кінәлілерді табуды талап етті. Бүгін ол көлік табылған орынды көрсетті. Ішінде телефондар қалған авто өзен жағасында тұрған. Сол маңнан құтқарушылар жасөсіпірімнің, кейін қасында болған жігіттің мәйітін су астынан алып шыққан. Полиция өкілдерінің айтуынша, марқұмдар бір-бірімен таныс болған. Алайда баланың анасы мен ер адамның әкесі бұл мәліметті жоққа шығарды. Дегенмен қаза болған түні жасөспірімді дәл сол жігіт көлікпен алып кеткен. Айта кетейік, бозбала демалыс күндері моншада бармен көмекшісі болып жұмыс істеген. 30 қараша күні қызметін атқарып кеткен. Полицияның мәліметінше, марқұмдардың денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Мұны ер адамның әкесі де растайды. Бірақ баланың анасы ұлын біреулер өлтіргеніне сенімді.
———————————————