Атыраудағы зауыт ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін нормадан асырған

Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығатын жағымсыз иіске тұрғындар наразы. Аталмыш зауытқа биыл 30 млн теңге айыппұл салынды. Кәсіпорын ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін нормадан асырған. Зауыт өкілдері жақында қоғамдық тыңдау өткізіп, эмиссияға 10 жылға рұқсат та сұрады. Бұған табиғат жанашырлары мен тұрғындар не дейді?
Кәсіпорын іргесіндегі Перетаска ауылының тұрғындары: «Зауытта жағымсыз иіс шығады», — деп жиі шағымданады. 54 жастағы Айман Шауқарова қолқаны қабатын иістің соңғы жылдары күшейгенін айтты.

АЙМАН ШАУҚАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Басымыз ауырып, тамағымыз, қолқамыз бітеліп қалады. Қазір бала-шаға да, үлкені де, кішісі де аурушаң. Шағымымызды 2016 жылдан бері айтып отырмыз. Жоғарыдан бізді тыңдап жатқан адам жоқ.

Экология департаменті де зауыттың қоршаған ортаға зияны барын жасырмайды. Биыл табиғатқа келтірген залалы үшін кәсіпорынға 30 млн теңге көлемінде айыппұл салды.

АЙГЕРІМ БЕКТҰРСЫНОВА, МЕМЛЕКЕТТІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ИНСПЕКТОР:
— Жалпы департаментпен 2025 жылы «АМӨЗ» ЖШС әрекетінде апаттық жағдай салдарынан жерге мұнай өнімдері төгіліп, жерді бүлдіру, алаудағы газ жағу кезінде белгіленген нормативтен артық шығарындылар шығару, ластаушы заттар шығарындыларын нормативтен асыру және осы орын алған жағдайлар бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға заңмен көзделген мерзімде хабарламау түріндегі бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде 30 млн теңгеден астам айыппұлдар салынып, өндірілді.

Өткен аптада мұнай өңдеу зауыты 10 жылға эмиссия шығаруға рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізген. Зауытқа жақын орналасқан ықшамаудандардың тұрғындары ауа сапасының нашарлауынан тыныс алудың қиындағанын және аурудың көбейгенін айтып шағымданды.

БОЛАТ САНДЫБАЙҰЛЫ, ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЫ:
— Бұл зауыт Атырау халқын улап, ауамызды ластап отыр. Бұлар 10 жылға рұқсат сұрап отыр. 10 жылға беруге болмайды, 2 жылға беру керек. 2 жылдан кейін есебін берсін. Солай 2 жыл сайын. Неге бірден 10 жылға береді? Ол дұрыс емес қой, өздеріңіз ойлап қараңызшы.

Дегенмен зауыт өкілдері жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын, табиғатқа келетін зиян көлемін азайтатынын алға тартты.

ЕРКІН СҮЛЕЙМЕНОВ, «АМӨЗ» ЖШС ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— Жаңа су дайындау жобалары мен биологиялық тазалау құрылыстарын қайта жаңарту болашақта Жайық өзенінен су тұтынуды азайтуға және шығарылатын зиянды зат көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Өткен аптада елордада есеп берген өңір басшысы да тұрғындардың талабы орынды екенін жеткізді.

СЕРІК ШӘПКЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
— Халықтың экология бойынша қойып отырған талаптары өте дұрыс, өте орынды. Сондықтан қазіргі таңдағы басты талабымыз: ішкі құрылғылардың барлығын модернизациядан өткізу керек, жаңа технологияларды қолдану керек.

Зауыт маңындағы тұрғындар бірнеше жылдан бері көшіруді сұрап келеді. Бірақ әлі күнге дейін шешім таппаған. Қазір арнайы мекеме атмосфералық ауаны тексеріп, сынама алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесіне сәйкес, Перетаска ауылының қауіпті аймақта бар-жоғы нақтыланады.
———————————————