Еліміздің солтүстігінде былтырғы тасқыннан зардап шегіп, әлі үй ала алмай жүргендер бар. Қалалық әкімдік өкілдері баспанасын апатты үй деп тізімге алмаған. Халық тәуелсіз сараптама жасатып, сотқа жүгінген. Дегенмен мәселе әлі шешімін табар емес.
Қала тұрғыны Нина Привалованың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанына екі жылға жуықтады. Себебі былтырғы алапат тасқын кезінде зейнеткердің баспанасы су астында қалған. Содан бері кейуана пәтер жалдап тұруға мәжбүр.
НИНА ПРИВАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әкімдік өкілдері мына үйді жөндеп береміз, тұруға болады деді. Бірақ ғимараттың сау жері қалмады. Сондықтан Астана қаласынан мамандарды шақыртып, тәуелсіз сараптама жасаттық. Олар екі қабатты нысан тұруға жарамсыз деген қорытынды шығарды. Оны әкімге көрсеткен едік, ол құжаттың жарамсыз екенін айтты.
«Ойқала» шағын ауданындағы екіқабатты апатты үйде Марина Берюкова қазір жалғыз тұрады. Себебі оның барар жері жоқ.
МАРИНА БИРЮКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әсіресе түнде қорқынышты. Қатты жел соқса, пәтердің іші азынап кетеді. Күз бойы төбесіне су сорғалады. Қабырғалары болса көгеріп, сыз тартып жатыр. 73 жастамын. Маған пәтер жоқ, тек жатақханадан бөлме береміз дегендей болды.
Амалы таусылған Нина Привалова әкімдікпен соттасуға дейін барған. Алайда атқамінерлер мәселені медиациялық жолмен шешуді ұсыныпты. Қазір енді кейуанаға қала іргесіндегі «Бірлік» шағын ауданынан баспана берілмек. «Бірақ оның сапасы сын көтермейді дейді», — зейнеткердің қызы.
ДИАНА БУЩИНСКАЯ, Н. ПРИВАЛОВАНЫҢ ҚЫЗЫ:
— Жаңа үйдің арғы қабырғасы дымқыл тартып жатыр. Себебі мұнда ешкім тұрмаған, пеші жағылмаған. Әкімдік осы баспананы алыңыздар дейді. Бірақ оны анам қай ақшасына жөндейді? Құрғақ уәдеден әбден шаршадық.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Соттың шешімімен «Ойқала» ауданындағы үй апатты деп танылды. Сондықтан Привалоға біз Бірліктен баспана ұсындық. Онда бұрын басқа адамдар тұрған. Егер соны алуға келіссе, біз жөндеу жұмысын жасап береміз. Ал келіспесе, бұрыңғы пәтерінің аумағындай үй алып беруге дайынбыз. Ал жалғыз тұрып жатқан әйелдің атында үй жоқ.
Еске салайын, 2024 жылы болған тасқын кезінде өңірде 4 мыңға жуық үй су астында қалды. Оның жартысы апатты деп танылып, бұзылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.