Экстракорпоралды ұрықтандыру: жасанды интеллект эмбрионды іріктеуге көмектеседі

Экстракорпоралды ұрықтандыру саласына соңғы жылдары озық технология кеңінен енгізіліп келеді. Бүгінде көптеген клиникада эмбрионды іріктеу жасанды интеллект көмегімен жүргізіледі.
5 жыл бұрын күйеуге шыққан Айжан Жақсылықова бала сүюді армандайды. 28 жастағы келіншек осы күнге дейін дәстүрлі медицинаның көмегіне жүгініп, талай халық емшісіне барған. Бірақ ем-домнан нәтиже болмаған. Енді үміті ақталғандай. Ол жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгініп, биыл құрсақ көтеріп отыр.

Бүгінде көптеген клиникада эмбриондарды іріктеу жасанды интеллект көмегімен жасалады. Репродуктологтар: «Мұндай әдіс өте тиімді», — дейді. Өйткені эмбрионның сапасы жақсарып, экстракорпоралды ұрықтандыру үдерісінің мүмкіндігі артады.

ТАМАРА ЖҮСІБАЛИЕВА, ДДҰ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:
— Жасанды интеллектпен бірге біз генетикалық тестілеу жүргіземіз. Бұл – эмбриондағы хромосомалық патологияларды анықтау үшін маңызды. Яғни дені сау баланың дүниеге келуіне ықпал ететін эмбриондар таңдалады. Бұл технологиялар соңғы бес жылда белсенді қолданылып келеді.

Соңғы жылдары бедеулік есебінде тұрған азаматтар саны үш есе артқан. «Бірақ оларға репродуктивті медицинаның көмегі зор. Өйткені сала қарқынды дамып келеді», — дейді мамандар. Жалпы елде жасанды ұрықтандыру зертханасының ашылғанына биыл 30 жыл. Ал 2021 жылы Президент тапсырмасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылып, бала сүюді армандаған мыңдаған отбасына үміт отын сыйлады. Бүгінде бұл жоба шалғай ауылдарға да қолжетімді.
МАРАЛ ЖОРОНОВА, КЛИНИКАНЫҢ МҚСБ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:
— Ауылдық жерлердегі бедеулікпен ауыратын кісілер 1 жылдан артық бала болмаған жағдайда өздерінің учаскелік акушер-гинеколог дәрігеріне барып, керек анализдер тізімін тапсырып, бедеулік бойынша диспансерлік есепке тұрады.
Айта кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жыл сайын 7 мың жұпқа тегін квота бөлінеді. Бүгінде жоба аясында 12 мың сәби дүниеге келген. Репродуктологтардың айтуынша, жыл өткен сайын бағдарламаның тиімділігі артып келеді.
———————————————