Е-Joldar платформасында жолдардың цифрлық төлқұжаттары жасалып жатыр

Жасанды интеллект жолға да жетті. Кезең-кезеңімен сан салаға енгізіліп жатқан нейросетьтің көмегімен жол диагностикасы жүргізіле бастаған. Бүгінде ақылы жолдарда енгізілген KazToll жүйесі арқылы 79 млрд теңге жиналыпты. Бұл жайында Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті. Сондай-ақ теміржол, әуе қатынасындағы жетістіктер мен жетіспеушіліктер де жіпке тізілді. Оны шешудің жолдары қарастырылды.
Министр жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жол диагностикасы жүргізілетінін айтты. «Автожолдардың тиімділігін арттырудың негізгі факторы – цифрлық шешімдер. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша e-Joldar шеңберінде жолдардың цифрлық төлқұжаттары қалыптастырылады. Бұл болашақта пилотсыз автокөліктерді енгізуге мүмкіндік береді», -деді ведомство басшысы. Кешікпей Қазақстан жолдарында жүргізушісі жоқ көліктер жолға шығады-мыс. Әзірге пайда болатын ондай жаңа техниканың мерзімі айтылмады. Бірақ жолдардың төлқұжаттары жасалып жатыр екен. Ол үшін алдымен жолдар реттелуде.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ-КӨЛІК МИНИСТРІ:
— Биыл Қалбатау – Майқапшағай, Ұзынағаш – Отар және Қызылорда –Жезқазған жобалары аяқталады. Орташа жөндеу жұмыстары шеңберінде Жезқазған – Петропавл және Қарағанды – Қарқаралы республикалық жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталды. Теміржол желісінде Достық –Мойынты жобасы аяқталды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Елдің транзиттік әлеуетін арттыру үшін 13 мың шақырым жол жөнделген. Республикалық жолдардың 93 пайызы техникалық жағдайы нормативке сай. Ішкі шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. «2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу бекетін аяқтау жоспарланып отыр», — деді Көлік министрі.

Жол төсемін сақтау үшін 220-ға дейін автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнатылуда. Республикалық маңызы бар жолдарда ақылы учаскелер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Мәселен биыл 1700 шақырымды құрайтын 9 жаңа учаске іске қосылған. Сондай-ақ ақылы жолдардың шамамен 350 шақырымында ақаулар анықталған. Жол салуда міндетін дұрыс атқармағандар жауапқа тартылып та үлгеріпті.
ДАРХАН ИМАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— 2025 жылы келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін 48 техникалық қадағалау маманы жұмыстан шығарылып, оларға 196 миллион теңге айыппұл салынды. Құрылыс жұмыстарын тиісті түрде орындамағаны үшін 10 мердігер компания соттың шешімімен «жосықсыз компаниялардың» тізіміне енгізілді.
Қазақстанда жолаушылар әуе тасымалдарының өсуі де байқалады. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша әуе көлігімен 13,1 млн жолаушы тасымалданған. Келер жылы тағы 3 әуежай іске қосылмақ.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, КӨЛІК ВИЦЕ МИНИСТРІ:
— Құрылыс осы жылы басталып жылжып жатыр. Біздің ойымыз бойынша, келесі жылы жылдың аяғына дейін 3 әуежайдың құрылысын бітіреміз. Зайсандағы әуежайды келесі жазғы маусымда арнайы ашамыз деген ой бар. Содан кейін Катонқарағай, кейін Кендірлі.
Ол жаңа әуежайларға алғашқы кезде субсидия беріледі. «Сондықтан орташа бағасы 20 мыңның маңайында болады», — дейді вице министр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді жылдам цифрландыруды тапсырды.
———————————————