Елордада мыңнан астам есірткі дерегі тіркелді: полиция оқу орындарын аралап жүр

Астанада жыл басынан бері ескірткіге қатысты 1 мыңнан астам іс тіркелген. Есірткі таратушылар бұл іске кәмелет жасына толмаған балаларды тарта бастаған. Жеңіл ақша табамын деп қолға түскен 17 жасөспірімнің тағдыры талқан болды. Бұған алаңдаған полиция «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында бас шаһардағы оқу орындарды аралап, студенттерге есірткіден аулақ жүріңдер деп ескертіп жатыр.
Полиция ескірткінің у екенін жастардың санасына жеткізсін деп, бұл іске спортшылар, блогерлер мен актерларды тартып жатыр. «Олар басынан өткен түрлі оқиғаларын айтып, студенттерге ой салса…», — дейді «Астана – есірткісіз қала» акциясын ұйымдастыршылар. Киноактер Ноян Ауғанов жас кезінде өзі де жаман жолға түсе жаздағанын айтады. «Есірткі тұтынбасам да, түнгі клубтан шықпайтын жігіттер қатарынан едім. Бұған араласқан ортам кінәлі», — дейді. Сондықтан актер жастарға уақытында дұрыс орта таңдаңдар деп ақыл айтты.

Есірткі бұрын қолдан-қолға таратылса, қазір наша сатушылар заман талабына сай ғаламтор саудасына көшкен. Егер бұрын есірткі таратумен қырық жастан асқандар айналысса, қазір наркодиллерлер бұл жұмысқа 16 мен 30 жас аралығындағы жастарды алдап-арбап кіргізіп жатыр.

ӘЛИЯ ҚИБАТҚЫЗЫ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Өкінішке қарай, әсіресе жастарды баулиды. Жастарға өтірік ұранмен есірткіні тұтынуға, оны қолдануға, оны сатуға ұсыныс жасайды. Жастар заңсыз есірткі айналымына қатысты қылмыстарға алданып қалмаса екен дейміз. Себебі жеңіл ақша табамыз деп осы қылмыс түріне де барып жатыр.

Полиция студенттермен әр кездесуінде есірткінің жазасы ауыр екенін айтумен келеді. Нашамен ұсталғандардың ең ауыр үкімі – өмір бойына түрмеге қамалу. Тасымалдаса, кемі он жылға бас бостандығынан айырылады.
———————————————