Елімізде тұмау өршіп тұр. Соңғы екі айда 2 жарым миллионға жуық адам вирус жұқтырған. Сырқаттанғанның жартысынан астамы – бала. Салдарынан оқушылар қашықтан оқуға мәжбүр.
Еліміздің солтүстігінде соңғы жеті күнде жіті респираторлық-вирустық инфекция жұқтырудың 3600-ден астам жағдайы тіркелді. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,5 есе төмен. Өйткені өңірде аязды күндер басталды. Дегенмен аймақта 90-ға тарта сыныптың оқушылары қашықтан білім алуда. Төрт мектеп түгелдей онлайн форматқа ауысқан.
ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
– Бұл – Шал ақын ауданынынң Ақсу мектебі, Аққайың ауданының Власовка, Қиялы және Шағалалы мектебі. Мектептерде санитарлық өңдеу жалғасып жатыр. Алдын алу шаралары түгел орындалып жатыр. Медициналық маман балаларды күнделікті тексеріп, температурасын өлшеп қадағалап отырады.
Аурушаңдық әсіресе балалар арасында басым. Қазір облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерінің көмегіне күніне орта есеппен 140-тан астам науқас жүгінеді екен. Аймақта барлығы 124 адамнан «Гонконг» тұмауы анықталды.
ДАРЬЯ ДӘУІТБАЕВА, БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ПЕДИАТР ДӘРІГЕРІ:
– Қараша айының ортасынан 500-ден астам бала емделіп шықты. Қазір инфекция бөлімі 65 процентке толы. Ауруханада кешенді жоспар бекітілді. Егер жағдай ушықса, біз қосымша төсек-орындарды ашуға дайынбыз.
Ал Қарағанды облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы 111 мыңнан астам адам ауырған. Оның 59 проценті – 14 жасқа дейінгі балалар. «Вирус созылмалы ауруы бар жандарға қауіпті», — дейді мамандар.
БАЯНБЕК АСПАНДИЯРОВ — ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:
– Сырқаттанушылардың саны күрт өскенін байқап отырмыз. Сондықтан тұмауға қарсы екпе алып, қарапайым ережелерді ұстанған жөн. Қоғамдық орындарға бармауға кеңес береміз. Әрі бөлмені жиі желтетіп отырған абзал.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, соңғы екі айда Қазақстанда 2,5 миллионға жуық адам вирус жұқтырған.
ЖАСҰЛАН АЛПЫСБАЕВ, САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
– Қарағанды мен ШҚО-да аздап өсім болған. Алайда өткен аптамен салыстырған аздап бәсеңдеді. Төмендеп жатыр. Енді біздің мамандардың, эпидемиологтардың болжамы бойынша, Қазақстан қазір жіті респираторлық-вирус пен тұмаудың алғашқы толқыннан өтті. Мониторингті жалғастыра береміз. Министрлік тиісті шаралардың барлығын қабылдап жатыр.
Сондықтан ақ халаттылар қарапайым сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді. Тіпті бетперде киіп жүруге кеңес береді. Себебі қыста инфекция одан бетер өршуі мүмкін деген болжам жасалуда.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.