Түркістан облысындағы «Қазығұрт» кеден бекетінде жиырмаға жуық жүк көлігі кідіріп тұр. Өзбекстаннан жүк тасушылар он күннен бері Қазақстан аумағына аяқ баса алмай отырғанын айтады. Ал, кеденшілер бұған біздің кінәміз жоқ, деп отыр.
Өзбекстаннан тауар таситын жүргізушілер: «Қазығұрт» кеден бекетінде тұрғанымызға он күннен асты», — дейді. Кеден қызметкерлері «қызыл белгі» деген себеппен жүк көліктерін түгел тоқтатып, тексеру жүргізген. Әдетте бірнеше сағатта дайын болатын оның нәтижесі созылып кетіпті.
БАТЫРӘЛІ ЖОРАЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Қазір күн суық, үйде бала-шағамыз күтіп отыр. Қарашаның 30-ында келгенбіз, он күн болды осында тұрмыз.
ЕРГЕШ МҰСАЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Шымкентке апара жатқан көшеттеріміз жарамай қалды. Ол жараған күнде де, он күн тұрған көшетті клиенттер алмайды.
Ал кеден бекетінің басшысы бұл мәселенің өздеріне қатысы жоқ екенін айтады. Тексеру толық орталықтандырылған. Сондықтан тексеру нәтижесін күдуден басқа амал жоқ.
Жүк көліктерінің тағы қанша күн қаңтарылып тұрары белгісіз. Белгілісі, сараптама қорытындысы шықпайынша, олар орнынан қозғалмайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.