Шалқардағы жаңа мектепте кемшілік көп: ата-аналар бейнеүндеу жолдады

1 млрд 350 млн теңгеге салынған және екі жыл бұрын пайдалануға берілген жаңа мектепте кемшілік көп. Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы мектеп-лицей оқушыларының ата-аналары өңір билігіне бейнеүндеу жолдады. Олар білім беру мекемесіндегі мәселеге назар аударуды сұрайды. Атап айтқанда, 320 орынға арналған білім ордасында асхана, спорт залы және оқу кабинетінің құрылысы толық аяқталмаған. Сонымен қатар канализация, су құбыры жүйелері мен электр желілері бастапқы жобаға сәйкес келмейді. Қауіпсіздік талаптары да сақталмаған. Соған қарамастан, балалар сабақ оқып жүр. Ғимараттың құрылысы 7 жыл бұрын басталған. Осы уақыт ішінде құрылыс материалдары қымбаттап, жобада өзгеріс болған. Қазір әкімдік өкілдері мердігермен соттасып жатқанын хабарлады. Бұған дейін жергілікті билік жөнді жасалмаған жұмыс үшін компаниядан 72 млн теңге өндіріп алған.
———————————————