Мектеп басшыларын артық міндеттерден босататын жаңа жүйе іске қосылады

Мектеп директорлары біраз шаруадан босайтын болды. Нақты айтқанда, ақша қажет ететін мектепті жөндеу, партамен жабдықтау секілді сұрақтарға енді директор емес, әкімдік немесе білім бөлімі жауапты болады. Тиісті заңға енгізілген түзетулерге жақында Президент қол қойды.
Қазір мектеп, балабақша, колледжде, мысалы, шатырдан су кетіп, дәретханасы жұмыс істемесе, СЭС мамандары басшысына айыппұл салып кетеді. Енді олай болмайды. Қаржы қажет ететін жөндеу, жабдықтау мәселесіне әкімдік не уәкілетті орган, яғни білім бөлімі немесе білім басқармасы жауапты болады.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Мысалы, үш ауысымды мектеп болса, директордың басына өзі тілеп алған мәселе емес қой. Әлде жөндеу болмаса, әлде бір қажет құрал-жабдықтар болмаса, ол неге байланысты? Ол – қаржыландыруға байланысты. Сондықтан енді мектеп басшылығына бірден айыппұл салынбайды. Бірінші кезекте соған кім жауапты, соны анықтайды. Егер, мысалы, жергілікті әкімдік ақшаны бөліп бермесе, онда бұл жауапкершілік әкімдікке тиесілі болады. Білім басқармасы шешімді қабылдамаса, онда білім басқармасы жауапты болады.

Заңдағы тағы бір өзгеріс СЭС мамандары мектеп асханасы мен жазғы лагерьді алдын ала ескертусіз тексере алады. Бірақ бірінші рет тексергенде айыппұл салмайды. Кемшіліктерді көрсетіп, не істеу керегін түсіндіреді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ
— Енді СЭС бірден, керек уақытында, аяқ астынан барып тексеруге мүмкіндік алады. Бұл маңызды. Өйткені сен алдын ала «тексеремін» десең, дайындалып қояды. Сондықтан осындай шешім қабылдадық. Бірақ ең алғашқы тексеріс болғанда, айыппұл ешкімге салынбайды. Өйткені тексерістің мәні – қандай да кемшілік болса, сол кемшіліктерді анықтау және оны шешу үшін нақты ұсыныстар беру.

СЭС мамандары жазып берген ұсыныстарды басшы елеп-ескермесе, түзетпесе, жауапкершілікке тартылады. Егер балалардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнсе, шара қатаң: нысан уақытша жабылады немесе жауапты қызметкер жұмыстан шеттетіледі. Депутаттар заңды қолдаса, халық: «Мектептегі ахуалға бәрібір директор жауапты», — дейді.

Сөйтіп, депутаттар директорды жазалау амалынан бас тартып, қайта мәсселені шешейік деп отыр. Бастысы – балалардың тамағы дұрыс, қауіпсіздігі бақылауда болғаны.
———————————————