Мемлекет меншігіндегі энергия өндіруші кәсіпорындар салықтан босатылуы мүмкін

Мемлекет меншігіндегі энергия өндіруші кәсіпорындар салықтан босатылуы мүмкін. Бүгін Мәжіліс қолданыстағы Салық кодексіне енгізілетін тиісті түзетуді мақұлдады. Негізгі мақсат – өндірістік мақсатқа бағытталған мемлекеттік көмек көлемін арттыру.
Мәжілісте Салық кодексіне енгізілетін толықтыру талқыланды. Бұл түзету мемлекет меншігіндегі энергия өндіруші ұйымға ғана қатысты. Депутаттар электр энергиясын, су және жылу өндіретін кәсіпорынға берілетін грант пен субсидияға салық салмауды ұсынып отыр. Негізгі мақсат – коммуналдық кәсіпорынға көрсетілетін қолдау тетігін арттыру.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Мәселен, 2024 жылы 5 млрд ақша бөлінді, соның 20 пайызы мемлекетке қайтарылды. Мемлекет көмекті өзінің мемлекеттік компаниясына береді, бірақ соның 20 пайызын салық түрінде алып кетеді. Сондықтан берілген ақша қарыздарды жабуға, жабдықтарын жөндеуге толық жұмсалуы үшін салықты алып тастап отырмыз. Себебі ол – мемлекеттің мекемесі, мемлекеттің ақшасы.

Елімізде су, электр энергиясы және жылумен бір мезгілде қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын бар. Ол – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты. Компания облыс әкімдігінің коммуналдық меншігіне қарайды. 1968 жылы іргесі қаланған нысандағы жабдықтың басым бөлігі ескірген. Кәсіпорынның бір ғана «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы алдындағы берешегі 20 миллиард теңгеден асады.

Мәжілісте мақұлданған түзетулер коммуналдық кәсіпорныдардың экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған.

САМАТ МҰСАБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қазіргі уақытта жабдықтардың басым бөлігі ескі. Оларды қалпына келтіру мен жаңғырту үшін қомақты инвестициялар қажет етеді. 2024 жылы 177 млрд теңге болатын жаңғырту бағдарламасы жоспарланған.

Мемлекет меншігіндегі энергия өндіруші ұйымдарға қатысты салық кодексіне енгізілетін толықтырулар Мәжілісте мақұлданып, талқылау әрі қарай жұмыс тобының деңгейінде жалғасады.
———————————————