Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіні қолдануына тыйым салына ма?

Дания, Жаңа Зеландия мен Малайзия тәрізді бірнеше мемлекет Австралияның үлгісін зерттеп, бұл тәжірибені енгізуге ниетті екенін мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстанда да балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу ұсынылған еді. Тиісті заң жобасы да дайындалған болатын. Жобаның басы-қасында жүрген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұсыныс жасады.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Кей елдер әлеуметтік желілерді қолдануды 14 жастан бастап шектеуді қабылдады, мысалы, Австралия – 16 жастан. Осы халықаралық тәжірибені біздің жағдайға бейімдеу керек. Біз тиісті түзетулерді әзірледік және біз тек тыйым салу туралы айтып отырған жоқпыз. Өкінішке қарай, тыйымдар мәселені шешпейді. Кешенді тәсіл қажет: жалпы цифрлық гигиена, цифрлық сауаттылық, балалармен сөйлесу, оларды үйрету маңызды.
———————————————