Баланың тісін емдеуде севоран қолдану қауіпсіз бе? Дәрігерлер пікірі

Балаға анестезия қолдану қаншалықты қауіпсіз? Соңғы қайғылы оқиғалардан кейін қазақстандықтар бұл мәселені қызу талқылап жатыр. Мамандардың айтуынша, ең заманауи анестезияның өзі хаттама бұзылған жағдайда немесе тиісті бақылау болмаса қауіпті болуы мүмкін.
Астана мен Алматыда баласының тісін емдетуге апарып, табытын алып қайтқан екі жағдайдан кейін қоғамда Севоран анестезиясын қолдану қызу талқыланып жатыр. Дәрігерлер түйткілдің түп-төркіні тап осы препаратта емес, балаларға оны кім және қалай егетінінде деп ақталды. Себебі севоран сан жылдар бойы қолданылып келе жатқан, қауіпсіз ингаляциялық анестетик саналады. Оны тіпті шақалаққа да қолдануға рұқсат берілген.

ҚАНАҒАТ ТЕМІРҒАЛИЕВ, ДӘРІГЕР-АНЕСТЕЗИОЛОГ:
— Науқас барлық анализді тапсырып, тиісті маманнан кеңес алады. Содан соң ғана анестезиологқа барады. Ата-аналар алдымен клиниканың лицензиясына, дәрігердің сертификаты мен кабинеттің жабдықталуына, мониторинг, капнограф пен реанимациялық жинақтың бар-жоғына назар аударуы қажет.

Дәрігерлердің айтуынша, севоран қауіпсіз. Бірақ асқынуы да мүмкін. Әсіресе техника бұзылып, жабдық жеткіліксіз болса. Немесе баланың операцияға дейінгі дайындығы төмен болса. Бұдан бөлек, оны мүлдем қолдануға болмайтын жағдай да бар. Мәселен, жөтел, дене қызуы, тұмау белгілері, түрлі инфекция, жүрек және бұлшықет ауруы байқалса.

ЗАРИНА АЛЕУШИНОВА, ДӘРІГЕР-СТОМАТОЛОГ:
— Пациент үшін препарат ауырсынудың болмауын, стрестің төмендеуі мен емдеу процесін сезбеуі үшін қажет. Ал біз стоматологқа емді сападан айырылмай тыныш жағдайда орындау мүмкіндігін береді.

Қалай болғанда да, севоран сияқты қауіпсіз саналатын наркоздың өзін балаға егуге ата-аналар оңайлықпен келісе қою қиын.

РЕГИНА ТРАПЕЗНИКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әрине, аздап уайым болды, бірақ анестезиологтың не істеп жатқанын білетіні көңілге тыныштық ұялатты. Біз баламен бірге кірдік, оны жатқызды, севоранды екті. Кейін балам ұйықтап қалды. Процедура шамамен бір сағатқа созылды. Бәрі жақсы өтті. Севораннан кейін анестезиолог баланың оянуына көмектесті.

Балаларды севоранмен ұйықтатудағы басты мәселе – оның қаншалықты қауіпті екенінде. Себебі Астана мен Алматыда көз жұмған балалар осы газдың әсерімен үш сағаттан астам уақыт ұйықтап жатқан. Осы жерде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері барлық тісті бірден емдеу күрделі медициналық процедура екенін, кәсіби анестезиолог және толық жабдықталған клиника қажет екенін ескертеді. Сонымен қатар ата-аналар дәрігер сөзіне сеніп отыра бермей, өздері де белсенді болуы тиіс.
———————————————