Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор

Қазақстан былтыр Иранға 500 мың тонна арпа жөнелткен. Алда оның көлемін көбейтуге мүмкіндік бар. Биылғы 10 айда Иранмен сауда-саттық, былтырмен салыстырғанда 40% артқан. Бұл жайында бүгін Астанада Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Қазір еліміздің бірқатар облысы мен Иранның провинциялары арасында серіктестік орнаған. «Біз Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстау облысы аумағында бірлескен, еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысын құптаймыз. Бұл қадам Қазақстанда Иран шикізатынан дайын өнім жасауға, оны аймақ елдеріне таратуға мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Мемлекет басшысы. Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған. Иран Президенті: «Өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға жеткіземіз», — дейді. Біздің ел Иранмен бірге Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың болашағы өте зор. Сауда-экономика саласындағы ықпалдастықтың орны ерекше. Өзара тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Бұл мәселе бойынша біз жаңа да пікір алмастық. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет.

МАСУД ПЕЗЕШКИАН, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 40% артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз.
———————————————