«Ғасырлар тоғысындағы Тәуелсіз Қазақстан». Астанада дәл осындай тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы мен жас ғалымдар клубының мүшелері бас қосты. Шара Тәуелсіздік күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды.
Кеңейтілген отырыс ғылыми-сараптамалық топ мүшелері мен жас тарихшы ғалымдарды бір алаңға жинады. Басқосуда қазақ елінің тарихи жетістіктері, республикалық бірегейліктің қалыптасуы, сондай-ақ Қазақстандағы этносаралық татулықты нығайту мәселелері талқыланды.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай бағыттар тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолды жан-жақты саралауға, ел дамуының басты бағдарларын айқындауға мүмкіндік береді. Жиынға қатысқан жас зерттеушілер де өз көзқарастарын білдірді. Солардың бірі – Еуразия ұлттық университетінің магистранты Әсем Мухамадиева. Ол Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа қабылдануы тақырыбын зерттеп жүр. Айтуынша, әлемдік аренада Қазақстанның дербес мемлекет ретінде мойындалуы – еліміздің халықаралық саяси аренадағы ең маңызды жетістіктерінің бірі.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жас ғалымдардың көзқарасын кеңейтіп, сарапшылармен бірлесе тың ұсыныстар әзірлеуге жол ашады дейді. Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, маңызды бағыттар бойынша нақты ұсыныстар жасады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.