«Жетінші арна» жаңа жылға тосын сый әзірлеп жатыр. 31 желтоқсан күні арнамыздағы мерекелік бағдарламаға түрлі өнер иелері, жұлдыздар, сан саланың майталмандары жиналады. Көрерменге ұсынылатын қызықты да, тұщымды дүние көп. Бүгін «Қайрат» футбол клубының ойыншылары туралы айтамыз. Сонымен жалпы барша футболсүйер қауымның қуанышына бөленіп, Чемпиондар Лигасында өнер көрсетіп жүрген отандық ойыншылардың ендігі мақсат-мұраты не?
Жылды өткеріп, жаңа жылдан жаңа бір ғажайып күткен сәтте көрерменге ерекше күй сыйлар көңілді кеш. Бүгінгі мейман – «Қайрат» футбол командасының қос қақпашысы. Үздік ойын үлгісін көрсетіп, қақпа алдындағы шеберлігімен талайды тамсандырған Темірлан мен Шерханды көруге асыққан жанкүйер көп. Әсіресе жасөспірімдер қолтаңбасын алып, суретке түсуге тырысып жатыр. Чемпиондар лигасында «Үздік ойыншы» атанған алғашқы қазақстандық Темірлан Анарбековті те, небәрі 18 жастағы футболдың жаңа жұлдызы Шерхан Қармырзаны да сөзге тартқан едік.
ТЕМІРЛАН АНАРБЕКОВ — «ҚАЙРАТ» ФК ҚАҚПАШЫСЫ
— Біріншіден, не болса да команданың еңбегі, жетістігі. Өзіміз де қолдан келгенше жеңіс алып келгіміз келеді. Кез келген футболмен айналысатын адам Еуропаға аттану қалайды. Менің де арманым сол. Қазақстанның туын көтергім келеді. Алла қаласа, әлемдегі ең үздік қақпашылармен бірге бақталас болсам деймін.
ШЕРХАН ҚАЛМЫРЗА — «ҚАЙРАТ» ФК ҚАҚПАШЫСЫ
— Осы жыл өте тамаша өтті. Көптеген әсерлі сәттер болды. Көп тәжірибе жинадым. Енді алда тек биік шыңдар. Келесі жылы да Чемпиондар лигасында ойнаймыз деп ойлаймын. Жақсы ойын көрсетсек деймін.
Қазақстандықтарды алдағы жаңа жылмен құттықтаған қос қақпашы сауалға тапқырлықпен жауап берді. Көрермен көңілін аулайтын еркін әңгіме үйлесім тапты. Алда жаңа түсірілім, шоу бағдарлама жалғасады.
ДИНАРА СӘТЖАН, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
— Менің ойымша, Жаңа жылда ең керемет шоулар «Жетінші арнада» болады. Өткізіп алмаңыздар!
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.