Петропавл іргесіндегі Бескөл ауылында екі қабатты үй өртеніп, 14 отбасы шығынға батты

Петропавл іргесіндегі Бескөл ауылында екі қабатты үй өртенді. Оқиға салдарынан 14 отбасы шығынға батып, далада қалды. Зардап шеккен тұрғындар қазір туған-туыстарын паналауға мәжбүр. Әкімдік өкілдері: «Оларға ешқандай көмек көрсетілмейді», — деді.

Бескөл ауылының тұрғыны Виктор Воров 1,5 жыл бойы мына үйден пәтер жалдап тұрған. Тілсіз жаудың салдарынан жиhаз, тұрмыстық техникамен киім-кешектері бүлінді. Қазір ол отбасымен бірге туған-туыстарын паналауға мәжбүр.

ВИКТОР ВОРОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– «Өз ақшаларыңа жөндеңдер», — дейді. Ішін жуып-тазалап, кептіру қажет. Оған қыруар қаражат керек. Бұл 1-2 күнде бітетін шаруа емес. Басқа жерден үй жалдап тұру тым қымбат. Әрі Бескөл ауылында бос тұрған баспана жоқ. Енді қыстың көзі қырауда не істерімізді білмейміз.

Мұнда бас-аяғы 14 отбасы тұрған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Екінші қабаттан тараған өрт шатырды түгел жалмады. Оны ауыздықтауға облыс орталығынан күш тартылды. Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

МАРАТ БАҚТЫБАЕВ, №13 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
– Алдын ала болжам бойынша, оттың шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Бірақ нақтысы алдағы уақытта белгілі болады. Ол үшін арнайы сараптама тағайындалып, жұмыс басталды.

Осы оқиғадан кейін ауылда эвакуациялық пункт ашылды. Алайда онда ешкім бармаған. Әкімдіктегілер болса, зардап шеккендерге ешқандай көмек көрсетілмейтінін дөп басып айтты.

АЗАТ ЫБРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Заң бойынша өрттен зардап шеккендерге тек жалғыз үйі ғана болса, иелеріне беріледі. Бірақ мына жерде бәрі жалға алған адамдар болғаннан кейін олар өз материалдық шығындарын тек үйдің иесінен ала алады. Үйдің иесіне де мемлекет тарапынан көмек қарастырылмаған. Өйткені ол оның жалғыз үйі емес.

Сондықтан тұрғындар шығынды өндіріп алу үшін баспана иесімен соттасуы керек. Басқа амал жоқ. Жалпы жыл басынан бері аймақта 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 30-дан астам адам қаза тапты.
———————————————