Айзат Жұманованың соты: куәгерлер не дейді?

Талдықорған қалалық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Қасақана кісі өлтіру бабымен 33 жастағы күйеуі айыпталып отыр. Куәгерлер не дейді?

Ауруханаға өте ауыр халде түскен Айзат Жұманова реанимацяда жарты сағат арпалыстан кейін көз жұмған. Бұл туралы бүгінгі сот отырысында реаниматолог-дәрігер мәлімдеді. «Көп дене жарақаты оның аман қалуына мүмкіндік бермеді», — дейді дәрігер.

МАҚСАТ СЕРҚАНҰЛЫ – РЕАНИМАТОЛОГ:
-Бірінші науқасты көрген кезде көз қарашықтары ұлғайған, паталогиялық дем алумен түскен болатын. Артерияларын қарағанда пульсация жоқ болғандықтан жүрек-өкпелік реанимация жасалды. 2:35-те түсті, 3:05-те биологиялық өлім тіркелді.

Айзат Жұманованың күйеуі оның қазасынан кейін өзін-өзі өлтірмек болған. Бұл туралы Айзаттың ауылдасымын деген Әлішер Түкібай айтты. Оқиға Талдықорған аудандық ауруханасының алдында болған.

ӘЛІШЕР ТҮКІБАЙ, КУӘГЕР:
– Далада бәріміз бірге тұрған кезде көліктің артқы есігін ашайын десек, ашылмады. Оң жағынан айналып барып, алдыңғы есігін ашып, қараған кезде орындықтың белдігін мойынына орап, асылып жатқанын көрдік. Дереу артқы есігін ашып, бәріміз жан-жақтан жүгіріп кеп көмектесіп, мойнынан жіпті шығарып алдық.

Бұл жайтты Жетісу облыстық ПД қызметкері Аслан Анарбек те растады. Ол сол күні кезекшілікте болған.

Айта кетейік, Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне күйеуі айыпталып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, бес ай бұрын ішімдік ішкен ер адам әйелін аяусыз ұрып-соққан. Ауыр жарақат алған әйелі ауруханада көз жұмды.
———————————————