Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған халықаралық форумға қатысты. Мемлекет басшысы түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы мен президентін мерейлі датамен құттықтап, Түрікменстанның бейтараптық саясаты Еуразия кеңістігінің тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Форум барысында көтерілген бастамалар XXI ғасырдағы бейтараптықтың рөліне жаңа көзқарас қалыптастыратыны айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіретінін жеткізді. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отырғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыру қажет деп есептейді. Трансшекаралық суды пайдалану, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық проблемаларға да назар аударылды. Осы ретте Қазақстан Президенті Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. БҰҰ-ын реформалаудың маңызына да назар аударды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендеуі – алаңдататын жағдай. Әлемде әділ халықаралық тәртіп орнату үшін стратегиялық теңгерімді қалпына келтіру қажет. Қауіпсіздік пен тұрақтылық тек сөз күйінде қалмауы тиіс. Сондықтан біз Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді және Бас Ассамблеяның рөлін күшейтуді қолдаймыз. Бас Ассамблеяның 80-сессиясында мен Біріккен ұлттар ұйымының жүйесін жаңғырту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлейтін пікірлестер тобын құру бастамасын көтердім.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.