Астанада Халықаралық мүгедектер күніне орай достық турнирі өтті

Астанада Халықаралық мүгедектер күніне орай «Қамқорлық пен Заң» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған достық турнирі өтті. Шара Астана қаласының «Сарыарқа» ауданы прокуратурасы мен Спорт және дене шынықтыру басқармасының қолдауымен, «Аспан» спорт кешенінде ұйымдастырылды.

Жанна Әлиева үстел теннисімен бар-жоғы төрт жыл айналысып келеді. Бірақ ерік-жігері мен талпынысы аз уақытта спорт шебері атандырды. «Мұндай турнирге қатысу – өзі-өзіңе сынақ әрі тәжірибе», — дейді. Түрлі деңгейдегі қарсыласпен ойнау, стилін меңгеру, әр матчтан үйрену шыңдай түспек.

ЖАННА ӘЛИЕВА, СПОРТ ШЕБЕРІ:
– Стол теннисіне қатысқаныма 4 жыл болды. Ерекше адам болғаннан кейін стол теннисі денсаулыққа жақсы. Мотивацияға жақсы. Басқа кісілер бар үйден шықпайтын, қатыспайтын Егер беріліп ойнаса, денсаулыққа жақсы болады. Мұндай шараларды ұйымдастырғаны жақсы болған.

Турнирдің өзге де қатысушылары Жанна Әлиеваны қолдайды. Мұндай жарыс та, спорт та баршаға қолжетімді болуы керек деп санайды.

РУСЛАН ҚАЛПЕБАЕВ, ТУРНИР ҚАТЫСУШЫСЫ:
– Мен қарсыласымды зерттедім, біз барлық детальды жақсы білеміз, өйткені бірге дайындаламыз, қай жерде қиындық бар екенін, қай жерде физикалық мүмкіндіктер шектеулі екенін білеміз. Сондықтан ойын қызықты әрі көңілді өтеді.

Негізгі мақсат – мүмкіндігі шектеулі адам мен мемлекеттік ұйым қызметкерлерінің байланысын нығайту. Турнир командалық және жеке форматта төрт спорт түрі бойынша ұйымдастырылды. Оның ішінде асық ату, тоғызқұмалақ, футзал және үстел теннисі бар.

ТАРХАН ЗАКАРИН, САРЫАРҚА АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
– Барлығымыз білетіндей, Прокуратура органдары тек қадағалау жұмыстарын емес, осындай әлеуметтік осал топтарды, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік бейімдеу және оларға қатысты басқа да жұмыстарды жүргізеді. Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге грамота, медаль, кубок және бағалы сыйлық табысталмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар мүгедектігі бар адамдар арасында спортты танымал етіп қана қоймай, түрлі әлеуметтік топ арасындағы сенім мен өзара түсіністікті де күшейтеді. Бүгін жарысқа қатысушыларды қолдап келген жанкүйер де көп болды. Жалпы, жарыс достық пен жылы атмосферада өтіп жатыр.
———————————————