Астанадағы кәдімгі азық-түлік дүкені әп-сәтте көпшілік арнайы келетін «музейге» айналды. Тәуелсіздік күні қарсаңында сауда орны көк тудың түсіне боялып, дүйім жұртты таңғалдырды. Бір түнде әлеуметтік желіде танымал болған дүкенге біз де бардық.
Бүкіл дүкен көкпеңбек, мемлекеттік рәмізіміз – көк тудың түсіне боялған. Табалдырықты аттағаннан-ақ мерекенің рухы сезіледі.
ТЕМІРХАН САПАРОВ, ДҮКЕН ИЕСІ:
– Бұл өзімнің идеям. Себебі қалада жүрген кезде үлкен сауда орталықтарына барамын, сол кезде барша жерге шырша ілініп, безендіріп қойылған, жаңа жылға дайындалып жатырғанын көремін. Солай түнде ой туындады. Неге Тәуелсіздігімізді Жаңа жыл сияқты, Жаңа жылдан да артық тойламасқа? Неге біз Тәуелсіздік күніне ерекше дайындалмасқа? деген сияқты. Бір күнде ой туындады. Келесі күні бастадым.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
– Бұл жерде қанша шар бар деп ойлайсыз? Дүкеншінің айтуынша, алтын күн бейнеленген 4000 шар мен 1000 жалау қазір дүкенге көрік беріп тұр. Мұндай әдемілікті жасау үшін кәсіпкердің 1 апта уақыты мен 2 млн теңгесі кеткен.
Жұрт фото, видео түсіріп, әлеуметтік желіде таратқалы дүкенге келушілер саны күрт артқан. Бірі шағын бизнесті қолдайық деп келдік десе, кейбір тұрғындар «Арнайы келіп, Рақмет айтайық деп едік», — дейді.
Дүкенші Астана жұртын осылай қуантқанына дән риза. «Жас ұрпақтың бойынан Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оята алсам, мақсатымның орындалғаны», – дейді. Кәсіпкерден мереке өткен соң мыңдаған шарды қайда жібересіз деп сұрадық.
ТЕМІРХАН САПАРОВ, ДҮКЕН ИЕСІ:
– Бұлай қалмайды. 16 желтоқсан күні кешкісін балаларға, келген тұтынушыларымызға таратып береміз. Обал болмайды. Яғни қоқыста жатпайды. Себебі шарда да Қазақстанымыздың туымыздың бейнеленген, сол үшін оны қоқысқа тастамаймыз.
Кәсіпкердің патриоттық бастамасын басқалары іліп әкетіп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.