Астанада Тәуелсіздік күніне орай қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды

«Ұлы дала шеберлерінің Ұлы керуені». Astana Mall сауда-ойын-сауық орталығында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған республикалық қолөнер жәрмеңкесі осылай деп аталды. Оған он саусағынан өнер тамған шеберлер қатысып, елорда жұртына авторлық бұйымдарын ұсынды.

Жүннен, матадан тоқылып, тігілген, оюмен өрнектелген бұйымдар көздің жауын алады. Зергерлік әшекейдің жөні бір басқа. «Хас шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының Президенті Зиуар Жұманованың айтуынша, ұлттық шығармашылықты насихаттаумен қатар, келушілерге ерекше этномәдени атмосфера ұсынылған. Әр шебер жасаған бұйымының тарихын түсіндіреді.

НҰРГҮЛ ХАМЗИНА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
– Қолөнермен айналысып жатқаныма 15-16 жылдай болып қалды. Әрбір қолөнердің өзін сөз мәнісімен құраймын. XVI-XVII ғасырда ұмытылып қалған әшекейлердің зерттеп, қазағымызға түсіндіріп, тарихын жеткіземін. Қазір әшекейді әркім істей береді. Ал оның мағынасын ешкім айтпайды.

Жәрмеңкеге Қарағанды, Қостанай, Көкшетау және Қызылорда облыстарынан шамамен 100-ге жуық қолөнерші жиналған. Келушілерге авторлық ойыншықтардан бастап, ұлттық әшекейлерге дейінгі қолдан жасалған бұйымдар ұсынылуда. «Бағасы да қолжетімді», — дейді ұйымдастырушылар.

ЖЫРҒАУ СЕНТЕРХАН, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
– Түйетабан оюын қазір «әйел бақыты» деп мағынасын ашып жүр. Өйткені бұрын түйе ең қымбат валюта болған екен. Енді ойлаңыз, қыз ауқатты жерге күйеуге шықсын деген оймен жасауын міндетті түрде түйетабан оюларымен безендірген екен.

Шебердің әңгімесі шынымен де керемет. Қазақтың ою-өрнегі туралы айтары көп. Ал көкшетаулық шебер Гүлнәр Орынбаева қой жүнін іске жаратып отыр.

ГҮЛНӘР ОРЫНБАЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
– 10 жыл қойдың жүнінен бұйымдар жасап жатырмыз. Бүкіл ата-бабамыз қараша үйдің ішінде бала шала туса 40 күнге дейін текеметке ораған екен. Қойдың жүнінің қасиеті көп.

Іс-шара аясында ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен сән көрсетілімі жоспарланған. Жоба олардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған. Сондықтан бұл – жай ғана жәрмеңке емес, қазақтың терең өнерін, ұлттық нақышты, дәстүр мен заманауи стильді үйлестірген ерекше мәдени кеңістік.
———————————————