Қыс қаһарына мінді. Күн күрт суытып, қатты боран соқты. Көктайғақ орнады. Соған байланысты Астанадан, кез келген бағытқа шығуға уақытша шектеу қойылды. Бұл көліктің барлық түріне қатысты.
Жалпы, соңғы күндері табиғат тыншымай тұр. Жолдар жабылып, біраз жолаушы діттеген жеріне жете алмады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында желдің екпіні секундына 28 метрге жетті. Оралда жарық өшті. Тасқала ауданында жатақхананың шатырын ұшырып әкеткен. Атырау облысында да 23 ғимараттың шатыры долы желге шыдас бермеген. Тұрғын үйлердің қасбеті құлап, бірнеше көлік бүлінген. Ақтөбеде де екі күн ақтүтек соқты. Аймақтағы республикалық, облыстық маңызы бар барлық тас жол- жабылды.
ДАСТАН НҰРҒАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ИНЖЕНЕРІ:
– Ақтөбе облысының ТЖД қысқы кезеңде ауа райы жағдайы нашарлаған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ азаматтарға сақтық шараларын ұстанып, дабыл ескертулерін мұқият бақылауды және қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға кеңес береді. Ауылдық жерлердің тұрғындарына ауа райы нашарлаған кезеңде ұзақ жаяу жүруден бас тартуды ұсынады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.