Астанада жаңа электр станциясы пайдалануға берілді

Астанада тұрғын үй кешендері мен әлемуеттік нысандардың құрылысы көбейген сайын, қуат көзіне деген сұраныс та артып келеді. Қала әкімдігі осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бүгін 80 мыңдай тұрғынды электр энергиясымен қамтитын жаңа станция пайдалануға берілді. Мамандардың мәліметінше, алдағы он жылда елордада тағы осындай жеті қосалқы электр станциясы салынады.

Бұл – Астананың солтүстік жағалауындағы жаңа ықшам аудан. Соңғы уақытта мұнда тұрғын үй кешендерімен қатар, әлеуметтік нысандар да көптеп бой көтеріп жатыр. Сондықтан электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Осы ретте қала әкімдігі қажет инфрақұрылымдық жобаның құрылысын қолға алған болатын. Бүгін ресми түрде іске қосылған жаңа қосалқы электр станциясы – мыңдаған тұтынушыны сапалы қуат көзімен қамтуға мүмкіндік береді.

ӘНУАРБЕК ЕСЕНАЛИЕВ, ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Бұл подстанцияда 80 мегаваттық екі трансфоматор бар. 80 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ұлы дала көшесі мен Сығанақ даңғылы арасындаңы жаңа салынып болған мектептерді, ауруханалар мен тұрғын үйлерді қамтамасыз етеді. Тариф бағасы қаладағы бағаға сәйкес. Ештеңе өзгерген жоқ.

Құрылысы былтыр басталған жоба биыл жоспарға сай халық игілігіне берілді. Нысан халықаралық стандарттарға сай салынған. Мұндағы қондырғылар толықтай автоматтандырылып, қол еңбегі барынша азайтылған. Барлық процесс цифрлық жүйе арқылы басқарылады. Қуантатыны, жабдықтардың басым бөлігі – қазақстандық өндіріс.

Жаңа станцияда қуаттылғы 80 мегаваттық екі трансформатор орналасқан. Бұл тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтуға қауқарлы. Жалпы, елімізде мұндай стратегиялық маңызды нысандар кезең-кезеңімен бой көтермек.

АСЫЛЖАН МУСИН, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
– Бізде 2035 жылға дейін электр энергетикасын дамыту бойынша ауқымды жоспар бар. 2029 жылға дейін 11 гигаватт жаңа генерация енгізу көзделген. Сонымен қатар батыс пен солтүстік аймақтардың газ жүйесін біріктіру, оңтүстік аймақтың желілерін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі электр энергиясына сұраныс жыл сайын өсіп келеді.

Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға дейін Астанада құрылысы қарқынды жүріп жатқан ықшам аудандарда тағы осындай жеті жаңа электр станциясын салынады. Сала қызметкерлерінің пікірінше, бұл бастамалар электр энергиясы тапшылығын азайтуға сеп болмақ.
———————————————