Алматыда шахматтан Қазақстан кубогы аяқталды. 10 күнге созылған турнирде елімізден бөлек, алыс-жақын шетелден келген жастар мен ересектер өзара мықтыны анықтады. Олар жалпы құны 50 миллион теңгеден асатын жүлдені сарапқа салды.
Алматыда классикалық шахматтан Қазақстан кубогы – 2025 ақтық кезеңі аяқталды. Дода бірден төрт турнирді біріктірді: ерлер мен әйелдер арасындағы ересектер кубогы, сондай-ақ 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан кубогы. Жалпы жүлде қоры ересектер арасында – 49,5 миллион, ал баларалар арасында – 3 миллион теңге. Жарыстың бас демеушісі — Freedom Holding Corp компаниясы.
СЕРГЕЙ КИМ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРБИТР, БАЛАЛАР КУБОГЫНЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ:
– Алматы ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі әуесқойлар турнирді асқан қызығушылықпен бақылады. Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен бірнеше жарыс қатар ұйымдастырылды. Соның ішінде үш гроссмейстерлік турнир және екі турнир балалар мен жасөспірімдер құрамасы арасында өтті.
Зияткерлік сайысқа кілең мықтылар жиналды. Ересектер арасында бабы мен бағы қатар шапқан Армения елінің өкілдері – Арам Акопян мен Мариам Мкртчян топ жарды.
МАРИАМ МКРТЧЯН, ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ-2025 ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осы турнирде өнер көрсеткеніме қуаныштымын.
Қазақстан кубогы осымен үшінші жыл қатарынан көпкезеңді форматта және айналмалы жүйе бойынша өтуде. Ұйымдастырушалар мен төрешілердің сөзінше, мұндай әдіс мықтыларды әділ анықтап, жас шахматшылардың өнерін көрсетуге мүмкіндік береді.
ДАНИЯЛ СӘПЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ-2025 ТУРНИРІНІҢ 4 ОРЫН ИЕГЕРІ:
– Мен үшін турнир оңай болмады. Себебі өте мықтылар жиналған. Рейтинг бойынша ең соңғы стартта болдым. Дегенмен жақсы ойын көрсете алғаныма қуаныштымын.
Осылайша, Қазақстан кубогы – 2025 елдегі ең ауқымды әрі бәсекесі биік шахмат турнирлерінің біріне айналып, бұл спорт түріне кәсіби ойыншылар мен жас өрендер арасында қызығушылықтың артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.