Қарағанды әкімдігі мен FREEDOM Холдинг кәсіби футболды дамыту үшін меморандумға қол қойды

Қарағандыда FREEDOM HOLDING CORP пен облыс әкімдігі өңірде кәсіби футболды дамыту үшін арнайы меморандумға қол қойды. Елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен футбол клубтарын жекешелендіру жұмысы басталды.

Еске салайық, белгілі кәсіпкер Тимур Турлов биыл, қараша айында «Шахтер» клубын сатып алған. Енді аймақта спортты дамытуға 18 жарым миллиард теңге инвестиция құюды жоспарлап отыр. Оның 12 миллиарды заманауи футбол академиясын салуға, ал қалғаны балалар мен жасөспірімдер футболын қолдауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталмақ. Шарада «Шахтер» клубының жаңа бас бапкері таныстырылды. Бұл қызметке Дмитрий Огай тағайындалды.

ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
– Біздің міндетіміз – футболды дамыту үшін барынша жағдай жасау. Тек легионерлерге ғана емес, әсіресе осы жергілікті спортшыларға, жас өрендерге сапалы қолдау көрсетуіміз қажет.

ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Біздің өңірде футбол тек кәсіби деңгейде ғана емес, бұқаралық спорт түрінде дамып келеді. Федерацияны Тимур Турловтың басқаруы бұл салаға жаңа серпін әкелді. Алға жобасы арқылы мектептерде футбол сабақтары енгізіліп, секциялар ашылды. Жаттықтырушылар даярлануда.
———————————————