Қазақстан әскеріндегі жауынгерлік даярлық бағдарламасы қайта қаралып, жаңа дағды енгізілді. Жаңа технологияның қарқынына ілесу үшін армияда IT-сала мамандары әзірленіп жатыр. Оның аясында SARBAZ+ пилоттық жобасы да іске қосылған.
Әуе қорғанысы күштері. Байланыс полкінде 90 сарбаз әскери ант қабылдады. Салтанатты шараға қолбасшылар мен жас жауынгерлердің туған-туыстары қатысты.
ӘЛИХАН НҰРЫМЖАН, САРБАЗ:
– Бұл – Отан алдындағы парызым. Әрбір ер адам өз халқына құрмет көрсетуі керек. Біздің әскери бөлім өте жақсы, тамақтары да дәмді, күніне үш мезгіл. Жалпы бәрі жақсы. Офицерлердің бәрі – майорлар, подполковниктер, бәрі керемет.
Сарбаздар осы күнге дейін қызу дайындықтан өтті. Себебі 78460 әскери бөліміндегі жас жауынгер курсына SARBAZ+ пилоттық жобасы да енгізілген. Биыл 268 үміткердің ішінен тек 90-ы ғана іріктеуден өткен.
ДАРХАН АХМЕДИЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Біз жауынгерлік даярлық бағдарламасын қайта қарап, оған қажетті дағдыларды енгіздік. Өйткені бұл – байланыс саласы. Бүгінде осы полк базасында заманауи IT-мамандарды даярлап жатырмыз. Байланысшыларды оқытып, болашақта олардың жетекші ұлттық байланыс компанияларында тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік береміз.
Қорғаныс министрлігінің айтуынша, SARBAZ+ жобасы кешенді әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Әскерде алғаш рет әр сарбаздың денсаулық жағдайын бақылауға арналған фитнес-білезіктер қолданылады. Сонымен қатар әскери қызметшілер бос уақытында ағылшын тілін меңгеріп, джиу-джитсу үйрене алады.
Әскери институт курсанттары техниканы алдымен смарт технологиялар арқылы басқаруды да үйренеді. Бұл ант қабылдау рәсіміне қатысуға келген ата-аналарға ұнамай қоймасы анық. Себебі ең бастысы – әскердегі қауіпсіздік.
Бүгінде әскерде қолданылып жатқан барлық жаңашылдық Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында әзірленеді. Мәселен, қазір мұнда дрондарға қарсы құрылғы мен тік ұшып-қона алатын көпмақсатты «Дегелек» ұшқышсыз аппараты жасалып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.