Астана мен Алматы көгінде 90-жылдардың жан тебірентер әуені әуеледі. Ауқымды ретро-фестивальге барлығы 24 мың көрермен жиналды. Өнерсүйер қауым ескі хитке билеп, есті әнге елітті.
Орталық Азиядағы ауқымды ретро-фестиваль Алматыда бастау алды. Сахнада 90-жылдардың хит әндері шырқалып, көрермен сүйікті әртістерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Сол дәуірдің жұлдыздары өнер көрсетті. Қазақстанда алғаш рет концерт берген хедлайнер DJ Bobo, сондай-ақ «Дос-Мұқасан», Влад Сташевский, Алиса Мон және «Блестящие» тобы халыққа ерекше көңіл күй сыйлады.
«БЛЕСТЯЩИЕ» ТОБЫ:
– Алматы – біздің ең сүйікті қаламыздың бірі, бұл – шындық. Біз бұл қалаға әрдайым үлкен қуанышпен келеміз. Жалпы, осындай фестивальдер бізді балалық шағымызға, ал мен сияқты кейбір жандарды жастық шағына қайта апарады деп ойлаймын. Яғни адамдар мұнда өз өткеніне оралады, ал бұл – керемет сезім.
90-жылдардың атмосферасы қонақтарды «Барыс Аренаға» кіреберістен-ақ баурап алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, декор ретінде тіпті сол уақыттардағы кілемдер де пайдаланылған. Сондай-ақ арнайы қалпына келтіріліп, айнадай жылтыратқан сирек автокөліктер көріністі толықтыра түсті. Уақыт машинасына айналған бұл алаңды көрермендер жоғары бағалады. Алайда ең әсерлі сәттер әлі алда еді.
Бұл сахнада бірінен кейін бірі көпшіліктің жастық шағымен байланысты әндер орындалды. Әлемге әйгілі евродэнс жұлдызымен бірге сахнаға тағы 13 танымал орындаушы шықты. Олардың арасында Fancy, Plazma, REEL 2 REAL және Bosson бар. Фестивальдің басты ерекшелігі, әртістерді көрерменнің өзі таңдады. Халық дауыс беріп, сахнада кімді көргісі келетінін шешеді, ал ұйымдастырушылар сол таңдауды жүзеге асырады.
ЖАНАР БАЙҒОЗИНА, CELE RETRO-FEST ЖЕТЕКШІСІ, SOLANA:
– Бұл игі дәстүрге айналды. Әсіресе көрермен бұл форматты Жаңа жыл қарсаңында ерекше жақсы күтеді. Жаңа жыл алдында бұл іс-шара халыққа мерекелік көңіл күй сыйлап, жастық шағын, сағынышқа толы сәттерін қайта сезінуге мүмкіндік береді.
Ретро-фестиваль биыл жетінші рет өтті. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды концертті жылына екі рет өткізеді. Әр жылы 12 мыңнан астам көрермен жиналып, sold out болады. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмай, Астана мен Алматыдағы ең ірі спорттық алаңдардың трибуналары көрерменге лық толды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.